Malim.kz
Әлем

Трамптың бітімі бұзылды: Таиланд пен Камбоджа қақтығысты қайта бастады

Арман Қайыпхан
Фото: Reuters

Таиланд дүйсенбі күні Камбоджа аумағына әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Бұған екі елдің даулы шекарасының бірнеше тұсында шайқастардың қайта күшеюі себеп болған. Екі тарап та АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен шілде айында жасалған бітімді бұзды деп бір-бірін айыптап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Таиланд армиясының хабарлауынша, жаңа қақтығыстар барысында кемінде бір таиландтық сарбаз қаза тауып, сегізі жараланған. Қақтығыс жергілікті уақытпен таңғы 5:00-де (Мәскеу уақытымен 01:00) күшейген.

Таиланд әуе соққылары камбоджалық нысанды жойған. Таиланд билігінің айтуынша, ол нысан ұшқышсыз аппараттарды басқару үшін пайдаланылған.

Камбоджа ақпарат министрі Нет Пхеактра төрт камбоджалық бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы тоғыз адамның жараланғанын хабарлады. Сондай-ақ ондаған мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын ол Facebook-тегі ресми парақшасында жазды.

Reuters агенттігіне жоғары лауазымды провинциялық шенеунік үш бейбіт тұрғынның ауыр жараланғанын айтқан.

Таиланд ӘӘК-і Камбоджа ауыр қару қолданғанын және әскери бөлімшелерін қайта топтастырғанын, бұл эскалацияға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.

«Бұл әрекеттер Таиландты Камбоджаның әскери әлеуетін тежеу және әлсірету үшін авиация қолдануға мәжбүр етті», — делінген Таиланд әскери күштерінің мәлімдемесінде.

Өз кезегінде Камбоджа қорғаныс министрлігі Таиланд әскері бірнеше күндік арандатушылық әрекеттерден кейін таң ата оның күштеріне екі бағыттан шабуыл жасағанын, ал камбоджалық әскер қарсы оқ атпағанын атап өтті.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары