Malim.kz
Әлем

Трамптың екі ұлының Қазақстандағы вольфрам өндірісіне қатысы бар ма?

Айбын Атабай
Andrew Harnik/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың Қазақстандағы вольфрам кенін игеру жобасына қатысы бар компанияға инвестиция салуы саяси дау туғызды. Сарапшылар мәміленің күмән тудырғанымен, заң бұзушылықты дәлелдеу қиын екенін айтады. Бұл туралы Malim.kz Fox News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Даулы мәселе Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына қатысты. Вольфрам – әскери өнеркәсіпте қолданылатын стратегиялық маңызды металл. АҚШ бұл ресурсты ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды деп санайды.

2025 жылдың тамызында Трамптың ұлдары Dominari Securities арқылы Skyline Builders компаниясының аз үлесін сатып алған. Кейін бұл компания Қазақстандағы вольфрам жобасын жүзеге асыратын Kaz Resources кәсіпорнының 20 пайыздық үлесіне ие болды.

Сыншылардың пікірінше, Трамптың ұлдары Қазақстанның АҚШ компаниясына жобаны беретінін алдын ала біліп, инвестиция салған болуы мүмкін. Алайда мұны растайтын нақты дәлел жоқ.

Чикаголық заңгер Эндрю Столтманның айтуынша, Трамптың ұлдары мемлекеттік қызметкер емес және олардың инвестициялары туралы ақпаратты жариялауға заңды міндеті жоқ. Оның сөзінше, жағдай сырт көзге күмәнді көрінгенімен, заң бұзушылықты дәлелдеу өте қиын.

Ақ үй бұл айыптауларды жоққа шығарып, президенттің жеке инвестицияларын тәуелсіз қаржы ұйымдары басқаратынын және ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Financial Times басылымы Трамптың ұлдары Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар вольфрам кен орындарын игеретін Kaz Resources жобасына қатысы бар компаниядан үлес алғанын жазған. Жобаның құны шамамен 1,6 миллиард доллар деп бағаланған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары