Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді, деп Malim.kz тілшісі Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өз жазбасында қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтып, өмірдегі ауыр сәттерге қарамастан, сабыр сақтауға шақырды.
"Қазір көптеген әйелдердің түрлі қиындықтарды бастан кешіп жүргенін көріп отырмын. Бірақ ең бастысы – амандық. Балаларыңыздың, жақындарыңыздың денсаулығы жақсы болса, соның өзі үлкен бақыт", – деп жазды ол.
Гүлайым Рахмонова соңғы уақытта жақын адамдарынан айырылғанын да атап өтіп, бұл жағдайдың өзіне ауыр тигенін жеткізді. Соған қарамастан, ол балаларынан күш алып отырғанын айтты.
"Қазір оймен күресіп, күнді өткеріп жатырмын. Балаларым көңілімді жұбатып отыр. Барлығы Алланың қалауымен", – деді ол.
Сонымен қатар ол Шавкат Рахмоновтың шыққан тегі туралы да қысқаша мәлімет берді.
"Қазақ. Ата-бабалары Арал өңірінен, Кіші жүздің Әлім руынан", – деп жауап берді Гүлайым Рахмонова.
Айта кетейік, бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейін Гүлайым Рахмонова адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша тергеуге алынған еді. Аталған апат 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург тас жолында орын алып, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған.
Шавкат Рахмонов – Қазақстанның ең танымал аралас жекпе-жек шеберлерінің бірі. Ол 1994 жылы 23 қазанда дүниеге келген.
Қазіргі таңда UFC ұйымында жартылай орта салмақта өнер көрсетеді. Шавкат кәсіби мансабын 2014 жылы бастап, содан бері бірде-бір жекпе-жекте жеңіліс таппаған. Оның кәсіби рекорды – 19 жеңіс. Жеңістерінің басым бөлігін мерзімінен бұрын аяқтағаны оның шеберлігін айқындайды. Ол нокаут пен тұншықтыру әдістерін шебер қолданатын әмбебап спортшы.
Рахмонов M-1 ұйымында чемпион атанып, халықаралық деңгейде өзін дәлелдеген. Сонымен қатар ол әуесқой ММА бойынша әлем чемпионы және Азия чемпионы болған. Оның спорттық бағыттарына жауынгерлік самбо, ММА және бразилиялық джиу-джитсу кіреді. Шавкат Қазақстан намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап келеді. Ол UFC-мен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандықтардың бірі ретінде тарихқа енді.