Көкпар жанашыры, әлеуметтік желіде "Алиба" лақап атымен танымал Әлібек Мұқатаев танымал стендап-комик Нұрлан Сабуровқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол арнайы кеште бой көрсеткен Нұрлан Сабуровқа өзінің ақ тілегін жеткізіп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ ол әзілкештің айналасында туындаған жағдайға қатысты пікір жазып, қандай жағдай болмасын адамның туған жері әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
"Қандай жағдай болса да, туған жерің сені әрқашан қолдайды. Қиын сәтте адамның шынайы тірегі – өз елі, өз жұрты. Біз талантты, өз еңбегімен жетістікке жеткен азаматтарды бағалай білуіміз керек. Нұрлан, есіңде болсын: туған жеріңде сені түсінетін, қолдайтын халық бар", – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-та қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған еді. Мәліметтерге қарағанда, ол Дубайдан Мәскеудің Внуково әуежайына ұшып келген кезде ұсталған.
Осыдан кейін Сабуров Instagram парақшасында алғашқы мәлімдемесін жариялап, жағдайға қатысты әзірге түсініктеме бермейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселемен заңгерлері айналысады.
"Уақыт бәрін өз орнына қояды. Менің стендап-комик ретіндегі жолым шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдары Ресейдің көптеген қалаларында өнер көрсеттім. Барлық жерде мені жылы қарсы алды. Шығармашылық тұрғыда дамуыма мүмкіндік берген елге ризамын", – деген еді ол.
Сонымен қатар комик журналистер мен блогерлерден оның отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұрлан Сабуровтың Instagram парақшасында барлық жарияланымдар өшірілген. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты артисттің немесе оның өкілдерінің Қазақстан елшілігіне ресми түрде жүгінбегенін мәлімдеді.