Malim.kz
Әлем

Тула маңында Украина Қарулы күштерінің шабуылы салдарынан үш адам қаза тапты

Айбын Атабай
Anadolu

Ресейдің бірқатар өңірлері дүйсенбіге қараған түні, 15 маусымда, украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) кезекті шабуылына ұшырады. Шабуылға, атап айтқанда, Тула облысы мен Мәскеу облысындағы Реутов қаласы тап болды.

Тула маңында дронның құлауынан үш адам қаза тапты

Тула облысының губернаторы Дмитрий Миляевтің айтуынша, түнгі дрон шабуылы тұрғын үйлер орналасқан аумақтарға бағытталған. Ямны, Маслово, Михалково және Иншинский кенттерінде бірнеше жеке тұрғын үй мен коммерциялық нысандар зақымданған.

Шабуыл салдарынан үш адам қаза тапты. Тағы үш адам, оның ішінде бір жасар бала жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді.

Реутовтың өнеркәсіптік аймағында өрт шықты

Реутов қаласында дрон шабуылынан кейін өнеркәсіптік аймақта өрт болды. Алғашында украиналық Exilenova+ мониторингтік арнасы жергілікті тұрғындарға сілтеме жасап, жарылыстар әскери-өнеркәсіптік кешенге қарайтын «НПО машиностроения» кәсіпорны маңында болғанын хабарлаған.

Кейінірек Exilenova+ мәліметті нақтылап, дронның терең мұздатылған азық-түлік өндіретін «Мириталь» кәсіпорнының аумағына құлағанын жазды. Telegram-арнаның мәліметінше, шабуылға ұшыраған зауыт әскери кәсіпорыннан небәрі 700 метр қашықтықта орналасқан.

Өз кезегінде Мәскеу мэрі Сергей Собянин әлеуметтік желілерде түнде өңірде төрт дронның шабуылының тойтарылғанын мәлімдеді.

Сол түні Украинада Киев-Печерск лаврасы да Ресейдің соққысына ұшырады

Дәл сол түні Ресей әскерлері Украинаға кезекті жаппай соққылар жасады. Шабуылға, атап айтқанда, Харьков пен Киев қалалары ұшырады.

Харьковта кемінде бес адам қаза тапты. Олар Ресей шабуылынан кейін шыққан өртті сөндіріп жүрген құтқарушылар болған. Құтқарушылар қайталама соққы кезінде көз жұмды.

Киевте шамамен 140 мың абонент электр жарығынсыз қалды. Қаланың бірнеше ауданында дрондар тұрғын үйлерге түсті. Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың хабарлауынша, кемінде төрт адам қаза тауып, тағы 23 адам жарақат алған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары