Malim.kz
Қоғам

"Тұмсығын көтеріп кетті": Алмат Сақатов қызметке масайғандарды сынады

Алуа Әшірбекова
Фото: instagram.com/sakatovalmat (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Танымал актер Алмат Сақатов жоғары қызметке ие болғаннан кейін мінезі өзгеріп, айналасына тәкаппарлық таныта бастайтын адамдар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қарапайымдылықтың адам үшін маңызды қасиет екенін айтып, қызмет пен мансаптың уақытша екенін еске салды.

"Бір бауырым жазады: "Менің бір досым бар еді, қызметке орналасқаннан кейін тұмсығын көтеріп кетті. Бұрын ондай емес еді, тәкаппар емес еді", - дейді. Бауырым, ол текпен келетін нәрсе. Қазақта жақсы сөз бар ғой: "Ұлық болсаң, кішік бол", "Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл". Өмірде адамның жағдайы өзгеріп тұрады", - деді актер.

Алмат Сақатов өзінің де осындай мінез танытқан танысына ескерту жасағанын жеткізді.

"Ондай дос менде де бар. Оған: "Ей, досым, сен аяғыңмен басып жүрген шөп бір күні қабіріңнің үстінен шығады. Жерге түс", - деп айт. Қарапайымдылық әр қазаққа жарасқан", - деді ол.

Желі қолданушылары актердің бұл пікірін қолдап, қандай қызметте жүрсе де адам қарапайымдылығын жоғалтпауы керек екенін жазған.

Айта кетейік, Алмат Сақатов бұған дейін де депутаттық қызметке қатысты ойын ашық айтқан еді. Ол халық қалаулысы болу үшін тек танымалдық жеткіліксіз екенін, депутат елдің жағдайын жақсы білетін, заңнан хабары бар әрі халық үшін күресе алатын азамат болуы керегін айтқан. Сондай-ақ актер өзінің әзірге мұндай жауапкершілікке толық дайын емес екенін жеткізген.

Алмат Сақатов кім?

Алмат Сақатов - қазақстандық театр және кино актері, әзілкеш әрі кәсіби жүргізуші.

Ол Күршім ауданында "Тамаша" театрының негізін қалаушылардың бірі, режиссер әрі сатирик Марат Сақатовтың отбасында дүниеге келген. Болашақ өнер иесі бала күнінде ата-әжесінің қолында өсіп, тентектігімен ерекшеленген. Алмат Сақатовқа көпшілікке кеңінен танылуға әрі көрермен ықыласына бөленуге әйгілі «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ жобасы жол ашты. Алайда жоба жабылғаннан кейін актердің өмірінде ауыр кезең басталған.

"Бауыржан шоудың" жабылуы әкесінің өмірден өтуімен тұспа-тұс келген. Осы жағдайлардан кейін актер өзін өнерге қажетсіз сезініп, бір кезеңде жұмыссыз әрі бағыт-бағдарсыз қалғанын айтқан. Сахна мен көрерменнен алыстап, не істерін білмей жүрген уақытта ол ұзаққа созылған күйзеліске түсіп, шығармашылық тоқырауды бастан өткерген. Сол кезеңде Алмат Сақатов ішімдікке әуестеніп кеткенін де жасырмайды. Актердің айтуынша, жағдайы тіпті той жүргізу кезінде алкогольсіз отыра алмайтын деңгейге жетіп, бір кеште екі бөтелкеге дейін ішкен кездері болған.

Өміріндегі бұл қиын кезеңнен шығуына жақындары үлкен қолдау көрсеткен. Әпкесі Нұргүл Марат пен жездесі оған психологиялық тұрғыдан демеу болған. Алматтың ойын басқа арнаға бұру үшін жездесі оны шетелдік жобаларға қатысу мүмкіндігін ескеріп, ағылшын тілін үйренуге жіберген. Сонымен қатар немерелері де актердің өмірге қайта бейімделіп, көңілін жинауына үлкен себеп болған. Уақыт өте келе Алмат Сақатов ішімдіктен бас тартып, жүргізушілік жұмысына қайта оралып, отандық кино жобаларына белсенді түрде түсе бастаған.

2023 жылдың мамыр айында актер отбасы мен ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас туралы айтқан пікірлерінен кейін қоғамның қызу талқысына түсті. «Менің өмірім» бағдарламасына берген сұхбатында ол әйел адам күйеуінің опасыздығына төзуі керек деген пікір білдірген. Сондай-ақ әйелдердің кей әрекеті ер адамның күш қолдануына себеп болуы мүмкін деген мазмұндағы сөздері әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

Қоғамдағы резонансқа қарамастан, Алмат Сақатов актерлік жолын жалғастырып келеді. Ол "Рестарт", "Афган", "Игрок" секілді бірқатар жобада рөл сомдаған. Ал 2026 жылғы 3 қыркүйекте экранға Семей орманындағы алапат өрт туралы түсірілген "38. Последняя точка" драмасы шығады. Бұл туындыда да Алмат Сақатов рөлдердің бірін сомдаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары