Malim.kz
Саясат

Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті Түркістанда өтеді

Сабина Асқарқызы
Фото: ru.apa.az

15 мамыр күні Түркістан қаласында Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммитін қабылдайды. Саммиттің негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму», деп хабарлайды Malim.kz.

Ұйымның хабарлауынша, саммитке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ ТМҰ-ның Бас хатшысы қатысады. Кездесу барысында қатысушылар қарқынды дамып жатқан цифрлық дәуірдегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылайды. Сонымен қатар саммитке Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері де қатысады.

«Бейресми саммит түркі мемлекеттері арасында жасанды интеллект, цифрлық инновациялар мен заманауи технологиялардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері бойынша стратегиялық диалогты дамытуға маңызды алаң болады. Бұл технологиялар тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және өңірлік байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы алдында Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді», – делінген ұйым хабарламасында.

ТМҰ өкілдерінің айтуынша, саммиттің түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістанда өтуі түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен олардың цифрлық технологияларға негізделген болашаққа деген ортақ ұмтылысын білдіреді.

Саммит қорытындысында түркі мемлекеттері арасындағы бірлік, ынтымақ және өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайту көзделіп отыр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары