Bayraktar Kızılelma атты түрік ұшқышсыз жойғыш аппараты сынақ кезінде «әуе-әуе» зымырандарымен ұшақты сәтті атып түсірді. Өндіруші компанияның айтуынша, бұл – әлемдік авиация тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға, деп хабарлайды Malim.kz «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап.
Сынақ Синоп қаласы маңындағы полигон үстінде өтті. Baykar компаниясы мәлімдегендей, дрон реактивті қозғалтқышы бар жоғары жылдамдықтағы әуе нысанасын жойған. Ол Kızılelma-ға интеграцияланған радар арқылы анықталып, бақылауға алынған.
Радар нысананы дәл тапқаннан кейін Kızılelma қанатына орнатылған «әуе-әуе» зымыранын ұшырған. Өндірушінің айтуынша, нысана «абсолюттік дәлдікпен» жойылған.
Компанияның хабарлауынша, әлемде әзірленіп жатқан көптеген ұшқышсыз жойғыштар негізінен жердегі нысандарды соққыға түсіруге арналған.
«Бұған дейін әлемдегі ешбір ұшқышсыз платформа әуедегі нысананы сәтті атып түсіре алмаған. Kızılelma – «әуе-әуе» соққысын жүзеге асыру қабілетін көрсеткен әлемдегі алғашқы және жалғыз ұшқышсыз платформа. Бұл авиация тарихында жаңа кезең ашты», – делінген хабарламада.
Сынаққа Түркия ӘӘК-нің бес F-16 жойғыш ұшағы қатысты. Олар Kızılelma-мен бірге сап түзіп ұшып, болашақтағы адам басқаруы бар және ұшқышсыз авиацияның бірлескен операция концепциясын пысықтады.
Айтылғандай, ұшқышсыз жойғыш алдыңғы қатарлы борттық датчиктердің көмегімен қарсыластың ұшақтарын өте алыс қашықтықтан анықтай алады. Бұл «көрінбей тұрып көру, соққы беру және өзіне шабуыл жасатпау» қағидатына негізделген.
Baykar – әлемдегі ең ірі БПЛА өндірушілерінің бірі, 37 елмен экспорттық келісімшарт жасаған. Компания табысының 90 пайызы экспорттан түседі.