Түркістан облысында жұбайын күштеп психикалық диспансерге жатқызған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. 18 жыл бірге тұрған әйелінің қол-аяғын байлап, мәжбүрлеп емдеу мекемесіне апарған Ділмұрад Ибрагимов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмектескен екі досы сыбайлас ретінде танылып, әрқайсысы 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс материалдарына сәйкес, екі жыл бұрын 35 жастағы Дияра Ибрагимованы күйеуі мен оның таныстары үйінен күштеп алып шыққан. Әйелдің қол-аяғын байлап, аузын жауып, Түркістаннан Шымкентке дейін психикалық диспансерге жеткізген. Айыпталушылардың бірі – жәбірленушінің заңды жұбайы. Тергеу нұсқасына сай, отбасындағы жанжалдан кейін ер адам осындай әрекетке барған.
Сот үкімін Түркістан қаласы ауданаралық сотының судьясы Санжар Қойшыманов жариялады. Үкімге сәйкес, Ділмұрад Ибрагимов қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Сот залында оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, бірден қамауға алынды.
Прокурор сотталушыларға 9 жылдан 10 жылға дейін жаза сұраған. Нәтижесінде күйеуі 9 жылға, ал оған көмектескен екі адам 8 жылға сотталды.
Жәбірленуші Дияра Ибрагимова сот үкімімен келіскенін, алайда психикалық диспансер дәрігерлерін де жауапқа тарту ниеті барын айтты. Оның сөзінше, мекемеде дәрі ішуге мәжбүрлеген, ал ол дәріні ішкендей болып, жасырып қалған. "Егер сол дәріні ішкенде, ол жерден шықпас едім" дейді ол.
Сот жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 11 миллион теңге төлеуді міндеттеді. Ерлі-зайыптылардың ортақ төрт баласы бар. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балалар анасының қарауында.