Malim.kz
Оқиға

Түркістан облысында суға кеткен 8 жасар бала табылмады

Айбын Атабай
видеодан скрин

Келес өзеніне ағып кеткен баланы іздестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде аяқталды.

Анасының хабарлауынша, 23 наурыз күні жазатайым оқиға салдарынан 2018 жылы туған бүлдіршін Жаннұр Тұрсынбек Келес өзеніне ағып кеткен еді. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап құтқару бөлімшелері, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылып, ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылған. 

Іздестіру барысында өзен арнасы мен жағалау аумақтары бірнеше рет тексеріліп, жүзу құралдары, арнайы техника және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп, су ағысының ерекшеліктері мен ауа райы жағдайлары ескерілді. Келіп түскен әрбір ақпарат мұқият тексеріліп, болжамды учаскелер қайта қаралды.

– Өкінішке қарай жүргізілген кешенді іздестіру шараларына және барлық күш пен құралдардың жұмылдырылуына қарамастан, оң нәтиже болмады. Мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, іздестіру-құтқару жұмыстары 2026 жылғы 23 сәуірде ресми түрде аяқталды, - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер іздестіру-құтқару жұмыстары бір ай ішінде нәтиже бермесе, судағы жазатайым оқиға қылмыстық іс ретінде қайта сараланып, әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.

Департамент өкілдері аталған шешімнің барлық іздестіру шаралары толық жүргізілгеннен кейін қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары