Malim.kz
Қоғам

Түркістан облысындағы өрт: Үкіметтік комиссияның отырысы өтті

Арман Қайыпхан
Фото: Үкімет

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға орнына қабылданып жатқан жедел шаралар туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов және «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаров, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндама жасады. 

Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілуде. Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде жатыр. Құтқарушылар келген сәтте зардап шеккендердің бірі, 1986 жылы туған азамат үйден өз күшімен шығып үлгерген. Оның жағдайы ауыр деп бағалануда, денесінің 12%-ын күйік шалған. Тағы екі зардап шегуші – 1991 және 2018 жылы туған азаматтар да, денесінің 30% және 11% күйігімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, қазір олар ӨЖЖ аппаратына қосылған. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация бригадасы ұшып шықты.

Өрттің себебі анықталып жатыр. ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында Өртке қарсы қызмет комитеті мен Тергеу басқармасының басшылық құрамынан құрылған жедел топ жұмыс істеуде.

Вице-премьер әкімдікке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаза тапқандардың отбасыларына қажетті материалдық көмекті толық көлемде көрсетуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда санитарлық авиацияны пайдалана отырып, оларды Астана қаласына жеткізуді ұйымдастыру жүктелді.

Ішкі істер министрлігіне адамдардың қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеудің барысын ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлер, әсіресе ХӘОТ жататын отбасылардың үйлеріне, жатақханалар мен хостелдерге рейд жүргізу туралы тапсырма берілді. Рейд барысында пеш жүйелерінің жағдайы тексеріліп, ақаулар анықталса, оларды жедел түрде жою қажет.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары