Түркістан облысында сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 86 пайызға жетті, деп хабарлайды Malim.kz.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге жұмыс сапары барысында су қоймасының құрылысымен танысты.
Жоба Бөген өзенінің көктемгі ағынын жинап, суды вегетациялық кезеңде пайдалануға мүмкіндік береді. Су қоймасының аумағы 220 гектарды құрайды, ал бөгеттің ұзындығы 3,9 шақырым болады.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 9,7 мың гектар суармалы жер қосымша сумен қамтамасыз етіледі. Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Көктемде жиналған су кейіннен ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалану үшін Бөген су қоймасына жіберіледі. Бұл жыл бойы су қорын тиімді бөлуге және егін суару маусымында шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Түркістан облысының Төлеби ауданында сыйымдылығы 1,2 млн текше метр болатын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталған. Ол 500 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге арналған.
Сонымен қатар Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл облысында «Ақмола», Қызылорда облысында «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысында «Үлкен Өзен» су қоймаларын салу жобалары қолға алынған. Қазіргі уақытта үш жоба бойынша да конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.