Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамыр күні Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мен өңір тұрғындарына алғыс айтты.
Президенттің сөзінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласы ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге дайын екенін көрсетті. Саммитке қатысқан шетелдік делегациялар көлік жолдарының сапасына, қаланың тазалығы мен жасыл желегіне жоғары баға берген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс және қала әкімдігіне көне шаһарды дамыту мен абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.
Жиын барысында Президент Қазақстанның беделі үшін еңбек еткен әкімдік қызметкерлерін, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдерін, коммуналдық сала мамандарын, еріктілер мен белсенді азаматтарды мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.