Malim.kz
Шоу-бизнес

Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы ауырып қалғанын айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Айман Талғатқызы Қарағандыға барған кезде командасындағы адамдардың көпшілігімен бірге сырқаттанып қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Айман Талғатқызы денсаулығына қатысты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, сапарға бірге шыққан әріптестерінің біреуінен басқасы түгелге жуық ауырған. Олардың дене қызуы көтеріліп, мұрны мен тамағы мазалаған.

Өзі де сырқаттың салдарынан түні бойы көз іле алмағанын айтты. Дегенмен команданың неден ауырғаны, вирустың бір-бірінен жұққан-жұқпағаны өзіне де белгісіз екенін жеткізді.

"Қарағандыға келіп, барлығымыз командамен ауырып қалдық. Вирус бір-бірімізден жұқты ма, білмеймін. Бүгін құладық. Түнімен ұйықтай алмадық. Мұрын, тамақ, температура… Біттік. Бір кісіден басқамыз құладық. Бірақ жұмыс тоқтамайды", – деді ол.

Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, Айман Талғатқызы жұмысын жалғастырып жүргенін атап өтті. Оның жазбасынан команда мүшелерінің де сырқатпен қатар жұмыс міндеттерін атқарып жатқаны аңғарылады.

Айман жағдайын әзілмен жеткізіп, ауырып жүрген адамның жақындарынан көбірек көңіл күтетінін де тілге тиек етті. Сонымен бірге оқырмандарына денсаулық тілеп, ауырмауға шақырды.

"Ауырғанның бір пайдасы – арықтап, еркелеп қаласың ғой, иә? Бірақ ауырмаңыздар", – деп жазды ол.

Тұрсынбек Қабатов кім?

Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер және тележүргізуші. Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Өнер жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. 2001 жылдан Көңілді тапқырлар клубының ойындарына қатысып, көпшілікке таныла түсті. Кейін жеке әзіл кештерін өткізіп, телевизиялық жобаларда өнер көрсетті. 2011 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің "Әзіл әлемі" әзіл-сықақ театрына жетекшілік еткен. Өмірбаяны туралы мәліметтер Қазақ радиосының ресми сайтында жарияланған.

Қабатовтың шығармашылығында күнделікті тұрмыс, отбасылық қарым-қатынас пен қоғамдағы түрлі жағдайларға арналған әзілдер кең орын алады. Ол сахналық монологтарымен қатар, телебағдарламалары арқылы да көрерменге танылды. Соның бірі – КТК телеарнасындағы Қабатовтың әзілдеріне арналған жоба. Өнердегі еңбегі үшін 2014 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атанып, 2015 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары