Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында актердің күнделік кітабына қатысты жазба жариялады, деп Malim.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол қазақ өнерінің абызы атанған Асанәлі Әшімовтің өмір жолын, өнерге деген көзқарасын және ішкі жан дүниесін тереңірек танығысы келетін оқырмандарға бұл еңбекті оқуға кеңес берді.
Бағдат Әшімованың айтуынша, күнделік кітап арқылы оқырман актердің сахна мен экрандағы бейнесінен бөлек, оның адамдық болмысын, өмір туралы ойларын және өнерге адалдығын жақынырақ сезіне алады.
"Асанәлі Әшімұлымен сырласқыңыз келсе, оның жүрегін не толғандырғанын, өмір мен өнер туралы ойларын білгіңіз келсе, күнделік кітабын оқыңыздар. Бұл кітаптан сіз тек актердің ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын, өнер адамының ішкі әлемін, өмірлік ұстанымдарын таба аласыздар", – деп жазды Бағдат Әшімова.
Сондай-ақ Бағдат Әшімова кітапты Kaspi Магазин арқылы сатып алуға болатынын атап өтті.
Оның сөзінше, бұл еңбек Асанәлі Әшімовтің шығармашылық жолын ғана емес, оның тұлғалық келбетін, өмірге көзқарасын және қазақ өнеріне деген шынайы махаббатын көрсететін құнды дүние.
Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған өнер тарланы қазақ театры мен киносының дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде ел жадында қалды.
Асанәлі Әшімов кім?
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алды.
Өнер жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастаған актер кейін Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрымен тығыз байланыста еңбек етті. 1963 жылдан бастап осы театр сахнасында актер әрі режиссер ретінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, талай көрнекті образды сомдады.
Асанәлі Әшімов қазақ киносы мен театр өнерін жаңа деңгейге көтерген бірегей өнер иелерінің бірі саналады. Оның шығармашылық жолы ұлттық мәдениеттің тұтас бір кезеңімен тығыз байланысты. Сахна мен экрандағы әр рөлі арқылы ол көрермен жүрегінен орын алып, қазақ өнерінің абызы атанды.
Өнердегі ерен еңбегі үшін Асанәлі Әшімов көптеген мемлекеттік және халықаралық марапатқа ие болды. 1973 жылы "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
1978 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі атағы берілсе, 1980 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2000 жылы "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының иегері болды. 2001 жылы "Отан" орденімен, 2007 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.
Сондай-ақ 2002 жылы Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды. 2003 жылы "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты болды. Ал 2007 жылы әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" орденімен марапатталды.
Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ өнері тарихында актерлік шеберлік, биік талғам және өнерге адалдықтың символы ретінде сақталмақ.