Танымал әнші Еркін Нұржанов әлеуметтік желіде жары Динарамен бірге түскен видеосын жариялап, оқырмандарына қызықты оқиғасын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бейнежазба әйелінің алғашқы УЗИ-інен кейін бірден түсірілген. Алайда «тіл-көз тиеді» деген ырымға байланысты оны көпшілікке бірден жарияламаған.
"Ассалаумағалейкум! Бұл видеоны бірінші УЗИ-ден соң-ақ түсіріп қойғанбыз. Тіл-көз бар ғой деп салмап едік, енді салуға тура келді. Анам (марқұм) тұңғышы маған аяғы ауыр кезінен, босанғаннан кейін маған 6-7 ай болғанда әкесінің (нағашы атам) көзіне әрең көрінген екен! Әлбетте ұялғанынан ғой. Бұны айтқаным, жәй сол кезден қазірге дейін қаншалықты алға, қаншалықты артқа дамыдық екен деп ойлаймын. Осы видеоны түсірерде келіншегіме жайлап осы әңгімені бастап көріп едім: “Түу, қойшы, сен де шал құсамай", – деді. Қожанасыр айтқандай: "Е-е, қатын, сенікі де дұрыс", – дедім", – деп жазды ол.
Желі қолданушылары өнер иесін әкелік қуанышымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Еркін Нұржанов қуанышты хабарын жариялап, Рамазан айының алғашқы жұмасында қызды болғанын айтқан еді.
Сонымен қатар, әншінің жеке өміріне қатысты деректер де көпшілік назарын аударған. Еркін Нұржанов пен жұбайы Динараның арасында 14 жас айырмашылық бар. Өнер иесі болашақ жарын мектеп қабырғасынан танығанын айтқан.
Әнші сүйіктісіне ұсынысты гастрольдік сапар кезінде телефон арқылы жасағанын еске алған.
"Ақтөбеде гастрольде жүрдім. Телефон соғып, "Сен шынымен сенімдісің бе?" деп сұрадым. "Иә, сенімдімін" деді. Сосын “Онда осы күні Алматыға барамын, көлік дайын, Шымкентке тартамыз" деп шешім қабылдадым", – деген еді ол.
Әншінің айтуынша, Динараның ата-анасы оны бұрыннан білетіндіктен, қарсылық танытпағанымен, бірден келісім де бермеген.