Танымал актер Олжас Абай "Соңыра" фильміне қатысты ойын бөлісіп, өзіне қолдау білдіріп жүрген көрерменге алғыс айтты. Өнер иесі жаңа туындының көпшілік көңілінен шығатынына сенетінін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Актер әлеуметтік желідегі парақшасында фильмді таныстыруға қатысты ұстанымын түсіндірген. Оның айтуынша, бұл жолы көрермен назарын жағымсыз әңгімелермен аударудан гөрі, туындыны жылы сезіммен ұсынғысы келеді.
Олжас Абай адамға кейде бір ауыз жылы сөздің өзі жетпей жататыны туралы ойымен де бөлісті. Өнер иесі өздеріне тілектестік танытып жүрген адамдардың сенімін ақтауды маңызды санайтынын жеткізген.
"Тілектес болған сіздерді жаман киномен ұятқа қалдырмаймыз, жан дүниеңізге міндетті түрде әсер қалдыратынына өз басым сенімдімін", – деп жазды актер.
Актер фильмді жарнамалау барысында әдейі жағымсыз пікір туғызатын әрекеттерге жүгінгісі келмейтінін де атап өткен. Ол жаңа жұмысын махаббатпен таныстырып, көрерменге ұсынуды көздеп отыр. Дегенмен туындының қандай әсер қалдыратынына көрерменнің өзі баға береді.
Айта кетейік, бұған дейін Олжас Абай мен Дариға Бадықованың таныстығы, шығармашылық серіктестігі және отбасын құруы туралы жазған едік. Қос өнер иесінің алғашында түсірілім алаңында тіл табыса алмағаны, кейін бірлескен жұмыстар арқылы жақын араласа бастағаны айтылған.
Олардың шығармашылық байланысын нығайтқан жобалардың бірі – "Таптым-ау сені" фильмі. Бұл туындыда Дариға Бадықова Сәуленің, ал Олжас Абай Жексеннің рөлін сомдады. Кейін актерлер басқа жобаларда да бірге жұмыс істеді.
Олжас бұған дейін Дариғамен бірлескен шығармашылықтың өзіне жаңа серпін бергенін айтқан. Ал 2026 жылғы 12 қазанда қос актер Алматыда үйлену тойын өткізді. Осылайша, түсірілім алаңында басталған таныстық отбасылық өмірге ұласты.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – қазақстандық театр және кино актері, әнші. Ол Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов ауылында дүниеге келген. Өнер иесі сұхбатында қарапайым отбасында өскенін, ата-анасының ауыл шаруашылығымен айналысқанын айтқан.
Көпшілік оны "Очоу" деген есімімен де таниды. Бұл атауды ол сахнаға шыққан кезде арнайы ойлап таппаған. Әкесі кішкентай кезінде "Очоубай" деп еркелеткен, кейін достары да солай атай бастаған.
Актер көрерменге "Парыз", "Қара шаңырақ", "Бәсеке", "Әулет" телехикаялары арқылы таныла түсті. Әсіресе «Бәсекеден» кейін оған жаңа жобаларға шақырту көбейген. Оның фильмографиясында "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар" секілді туындылар бар.
Олжас музыкамен де айналысып, "Самса", "Бомба" әндерін орындаған. Бейнебаяндарының идеясы мен сценарийін әзірлеуге өзі де қатысқанын айтқан. Өнер иесі актерлікті басқа мамандыққа айырбастай алмайтынын жеткізіп, жұрттың өзін ең алдымен шығармашылығы арқылы танығанын қалайтынын білдірген.