Әнші Гүлнұр Оразымбетова әлеуметтік желідегі парақшасында жастық шағын еске алып, өнер жолының қалай басталғанын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі 9-сыныпты аяқтағаннан кейін білім алу үшін алғаш рет үйінен жалғыз кеткенін жазған. Оның сөзінше, сол кезде алда не күтіп тұрғанын білмесе де, білімі мен өнеріне сенген.
Алғашында оқу орнына түсуге бір балл жетпей қалған. Алайда ауылға қайтқысы келмеген әнші колледж директорын күтіп, дәлізде домбырамен ән айтқан. Кейін оқу орнының басшысы оны кабинетіне шақырып, нәтижесінде Гүлнұр Оразымбетова колледжге қабылданған.
"Мен алғаш рет 9-сыныптан кейін оқуға түсем деп үйден кеттім... Жалғыз өзім… Алдымда не күтіп тұрғаны беймәлім… Бар сенгенім – білімім.. өнерім… Төсектің астындағы дәу қара чемоданға екі-үш киімімді салып, кеттім де қалдым. Әкемнің қарындасы Шамшырақ апам күтіп алып, оқуға құжат тапсырдым. 1 балл жетпеді… Ауылға қайтқым жоқ… Не болса да, колледж директоры Әлима апайды коридорда күтіп, келе жатқанда домбырамен ән айттым… Барымды салып...
Кабинетіне шақырды... Оқуға қабылдандым... Колледждің үздік те өнерлі студенті болдым. Ән айтатын барлық есіктер ашылды. Ән айтатын өнерімнің арқасында елге танылдым. Сондағы бір ғана адамның себепкер болғанының арқасында", – деп жазды өнер иесі.
Әншінің айтуынша, колледжде білім алған жылдары ол оқуымен қатар өнерге белсенді араласып, түрлі сахналарда ән айтуға мүмкіндік алған.
Еске сала кетейік, Гүлнұр Оразымбетова отбасындағы қарым-қатынас, қаржы мен бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдары туралы айтып, жұбайының мінезін сипаттаған.
Гүлнұр Оразымбетова кім?
Гүлнұр Оразымбетова – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнер иесі 1977 жылғы 8 мамырда Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында дүниеге келген.
Әнші Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте жоғары білім алған. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін де тәмамдаған.
Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке лирикалық әндері және өзіндік орындаушылық мәнері арқылы танылды. Оның кәсіби шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2000 жылы "Жас қанат" республикалық байқауында жеңімпаз атануы. Бұл жетістік жас әншінің үлкен сахнада кеңінен танылуына жол ашты.
Ол "Азия дауысы" халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылған "Қазақстанның жаңа әндері" байқауында үшінші орын иеленген. Сондай-ақ Болгарияда өткен халықаралық музыка фестивалінде де жүлделі үшінші орыннан көрінген.
Өнердегі жетістіктері үшін Гүлнұр Оразымбетова Қазақстан Жастар одағының "Серпер" сыйлығына ие болды. Кейін әншіге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
Оның репертуарында махаббат, сағыныш, отбасы және адам өміріндегі түрлі сезімдерді арқау еткен шығармалар бар. "Сүйемін құлай", "Сағыныш", "Бірге болайық" секілді әндері тыңдарман арасында кеңінен танылған.
Әнші шығармашылық жолында бірнеше рет жеке концерт өткізіп, көрерменге арнайы бағдарламаларын ұсынды. 2015 жылы Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында жеке концертін өткізген. Сондай-ақ бұған дейін "Арманым-ай" атты жеке ән жинағын шығаруға дайындалып жүргенін айтқан.
Гүлнұр Оразымбетова шығармашылығымен қатар, сұхбаттарында отбасы мен жеке өмірі туралы да айтып келеді. Ол екі ұл тәрбиелеп отырғанын бұған дейін көпшілікпен бөліскен.
Өнер иесі бүгінде де шығармашылық жұмысын жалғастырып, сахнадан қол үзген жоқ. Көпжылдық өнер жолында Гүлнұр Оразымбетова қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің біріне айналды.