Malim.kz
Қоғам

«Үйімізде су жоқ»: ақтаулықтар Джеки Чанға үндеу жасады

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Әлемге әйгілі актер Джеки Чанның Ақтауға сапары жергілікті тұрғындардың ерекше назарын аударды. Әлеуметтік желілерде жұлдыздың келуіне қатысты жылы лебіздермен қатар, өңірдегі өзекті мәселелерді көтерген жазбалар да көбейді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақтаулықтар актердің әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдырып, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауыз су тапшылығына назар аударуды сұраған.

«Құрметті Джеки Чан! Ақтауға қош келдіңіз! Біз сізді әлемге танымал актер ретінде құрметтейміз. Алайда біздің қалада әр жаз сайын ауыз су мәселесі қайталанады. Бұл – мыңдаған тұрғынды алаңдатқан өзекті мәселе», – деп жазған тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын:

«Ақтауға қош келдіңіз! Бұл – Қазақстан. Біздің басты мәселеміз – ауыз су. Жергілікті билік ұзақ жылдан бері тұрғындарды тұрақты сумен қамтамасыз ете алмай келеді. Өтінемін, осы мәселеге назар аударыңыз», – деген өтініш қалдырған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жергілікті қауымдастықтарда тұрғындар қала әкімдігінің өткен жылы берген уәделерін де еске салып жатыр.

Ал салалық мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, өңірде су қоры жеткілікті. Негізгі мәселе – тозығы жеткен инженерлік желілерде.

Су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Ануар Туляковтың сөзінше, қаладағы су құбырларының едәуір бөлігі ескіргендіктен, жиі апат болып, су тұтынушыларға толық көлемде жетпей отыр.

«Қазіргі уақытта су құбыры желілері әбден тозған. Соған қарамастан, бекітілген жоспарға сәйкес 1-шағынауданнан бастап 6-шағынауданға дейін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл аумақта кәріз және су құбыры желілері толық ауыстырылды. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жалғасуда», – деді ол.

Мамандардың мәліметінше, Ақтауды ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін шамамен тағы үш жыл қажет. Себебі қаладағы 500 шақырымға жуық су құбырының тозу деңгейі жоғары. Оларды толық жаңарту үшін уақыт пен қомақты қаржы қажет.

Әзірге Джеки Чан ақтаулықтардың әлеуметтік желілердегі үндеулеріне жауап берген жоқ.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары