Malim.kz
Қоғам

Үкімет басшысы көлік саласының трансформациясын тексерді

Айбын Атабай
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Malim.kz.

Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында Премьер-министрге автожол, теміржол және авиация салаларында енгізіліп жатқан заманауи шешімдер мен IT-әзірлемелер ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық бейнебақылау жүйесі, e-Joldar, Smart Cargo, Q-Gate, QazETA, Echelon Alpha, KinetiX және Trip Optimizer көрсетілді.

Автожол саласында камералардың деректерін, салмақты бақылау және жол ақысын төлеу жүйелерін қамтитын Ұлттық бейнебақылау жүйесі (ҰББЖ) енгізіліп жатыр. Болашақта ЖИ қолдану заңбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, тәуекелдерді болжауға, көліктегі жағдайды талдауға және ЖКО-лардың алдын алуға мүмкіндік береді.

E-Joldar автомобиль жолдарын бақылау жүйесі шамамен екі ай бұрын іске қосылды және жолдардың жай-күйін, материалдардың сапасын, сондай-ақ жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылды. Жыл соңына дейін ұзындығы 185 мың шақырым болатын еліміздің барлық жол желісін қамту жоспарланып отыр.

Smart Cargo платформасы «бір терезе» қағидаты бойынша халықаралық жүк ағындарын онлайн-қадағалауды қамтамасыз етеді. Ол 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктірді. Бұл жүктерді 100% ізінен қарап отыруға, олардың шекарадан өту жылдамдығын 30%-ға арттыруға және тасымалдаушылардың кезекте тұру уақытын 10 есе қысқартуға мүмкіндік берді.

Еліміздің әуежайларында Q-Gate терминалдары орнатылған, олар жолаушыларды бет биометриясы мен төлқұжаты бойынша 15-50 секундта тексереді. Бұл стандартты бақылаудан 4-5 есе жылдам. Сондай-ақ, QazETA, яғни «шетелдіктерге арналған e-Gov» платформасы таныстырылды, ол визасыз туристерге елге кіруден 72 сағат бұрын онлайн түрде электрондық рұқсат құжатын ресімдеуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектке негізделген Echelon Alpha платформасының көмегімен транзиттік әлеует болжанып, маршруттық желі модельденеді және бағыттар бойынша сұраныс талданады. Қазіргі таңда шамамен 30 перспективалы бағыт айқындалды.

Теміржол саласында жылжымалы құрамды қашықтан диагностикалау үшін KinetiX жүйесі енгізіліп жатыр. Оны қолдану есебінен стансада техникалық байқау уақыты 30%-ға және қолмен өлшеу көлемі 70%-ға қысқарды. Trip Optimizer жол профилін, құрам массасын және жылдамдық шектеулерін ескере отырып, пойызды автоматтандырылған жүргізу үшін қолданылады.

Премьер-министр сондай-ақ мамандандырылған жол-диагностикалық техниканы қарап шығып, бірқатар аяқталған инфрақұрылымдық жобалар бойынша баяндамаларды тыңдады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда сектордың жалпы өнімі 3 есеге өсіп, 14 трлн теңгеден асты. 5 мың шақырым теміржол жолы және 5 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді, теміржол арқылы транзит көлемі 33 млн тоннаға жетті, ал автомобиль тасымалының көлемі 3 есеге артты. Цифрландыруды одан әрі дамыту нәтижесінде алдағы үш жылда 2,2 мың шақырым жаңа теміржол желісін салу, транзит көлемін 77 млн тоннаға дейін ұлғайту, ал теңіз порттарының өткізу қуатын 4 есеге арттыру жоспарланып отыр. 2040 жылға қарай ішкі автомобиль тасымалының көлемі қазіргі 353 млн тоннадан 590 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр.

Премьер-министр көлік саласын цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық қызметтер мемлекетін одан әрі құрудың басымдығын айқындады. Үкімет алдында экономиканың барлық салаларына пайдалы жасанды интеллект шешімдерін енгізу қарқынын жеделдету міндеті тұр. Бүгін таныстырылған көлік саласын технологиялық трансформациялау жобаларын қысқа мерзімде бүкіл ел бойынша ауқымды түрде енгізуді тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр қауіпсіздікті арттыру, мерзімдерді қысқарту және шығындарды оңтайландыру мақсатында Көлік және аралас салалардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша да тапсырмалар берді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары