Malim.kz
Қоғам

Үкімет басшысының кеңесшісі Қызылорда облысындағы Бесарық ауылының берекелі тіршілігімен танысты

Арман Қайыпхан
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен бірге Сырдария ауданының Бесарық ауылына барды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл ауылда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған,  ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табыстыжүзеге асуда.

«Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес бастамасы шоғырланған. Жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар бар. Өсімдік, құс, мал шаруашылығымен, құрылыс өнімдерін шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуаты артуда.

Премьер-министр кеңесшісі «Абай-Дәулет» ЖШС бастамасы «Сыр құсы» агроөнеркәсіптік кооператив жұмысымен танысты.
Өндірістік кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құрылып, 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несие алған. Шағын құс фермалары (птичник) салынған. Әрқайсында Тараз қаласынан әкелінген 1500 бас бройлер балапаны (барлығы 4500 шөже) бағылады. Бройлердің ерекшелігі еттілігінде, олар 30-55 күнде сойылады және қысқа уақытта 2,0 -2,5 кг ет береді. «Сыр құсы» кооперативі былтыр 29,7 тонна құс етін, биыл 9,6 тонна өнім өндірді.

Жалпы өңірде құс шаруашылығы бағытында екі кооператив («Сыр құсы» АӨК, «Шиелі құс» АӨК) құрылып, 4 500 бас құс бағатын 6 типтік құс фермасы (птичник) жұмыс жасайды. Өткен жылы облыста 85,3 тонна тауық еті өндірілсе, оның 38,3 тоннасы, яғни 46 пайызы осы кооперативтердің үлесінде. Биыл аталған кооперативтер 46 тонна тауық етін өндіріп, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен ұсынды.

Айта кетейік, «Абай Дәулет» ЖШС 2018 жылдан бері ауылды дамытуға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталды.
Ералы Тоғжанов ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу басты міндеттердің бірі екенін айтып, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ал, Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жобаларды тек облыс көлемінде емес, республиканың барлық өңірлеріне тарату қажеттігін айтты.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары