Malim.kz
Қоғам

Үкімет Ұлттық Құрылтай кезінде берілген тапсырмалар бойынша қандай жұмыстар атқарды?

Ереке Базарқұл
© ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларын іске асыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр. Президенттің төрт құрылтай барысында көтерген бастамалары елді жаңғыртудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Осы бастамаларды орындау үшін заңнамалық база күшейтіліп, жалпы саны 26 заң қабылданды.

 

Инфрақұрылымды дамыту – өңірлік өсімнің негізі

Өңірлердегі теңгерімсіздіктерді азайту және экономикалық жобаларды ілгерілету – негізгі басымдықтардың бірі. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес, Үкімет көлік дәліздерін дамыту мен инженерлік желілерді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді.

Осы аяда «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 896 шақырым болатын бұл жоба орталық өңірлерді Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен тікелей байланыстырады. Жобаның жалпы құны – 1,1 трлн теңге.

Шағын қалалардың көліктік қолжетімділігін арттыру мақсатында Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 1992 жылдан бері жұмыс істемеген әуе айлағын қайта іске қосу үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Әуежай 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Тұрғын үй мен энергия ресурстарының қолжетімділігі де басты назарда. 2025 жылы «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында 8,5 мыңнан астам қарыз берілді. Өңірлерді газдандыруға 112,4 млрд теңге бағытталып, 2 мың шақырымнан астам желі тартылды. Ал «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мерзімінен бұрын аяқталып, Жетісу облысындағы 84 елді мекен газға қосылды.

Адами капитал және «Адал азамат» идеологиясы

Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы Президент айқындаған «Адал азамат» тұғырнамасына негізделген. Тәрбие жүйесі жаңартылып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» үлгісіне көшірілді. Бағдарлама мазмұны барлық білім беру ұйымдарына енгізіліп, 110 мыңнан астам педагог қайта даярлықтан өтті.

Тарихи жадыны сақтау және зиялы қауымды қолдау бағытында бірқатар бастама жүзеге асты. «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қалпына келтірілді, 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді, отандық авторлардың «100 кітабы» іріктелді. Астанада Президенттік кітапхананың жобасы қолға алынып, оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланып, өндірістік сала қызметкерлері үшін 9 жаңа құрметті атақ енгізілді.

Әлеуметтік инклюзия және білім беру

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында жаңа заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте қаралуда. Құжат ерте диагностика, цифрландыру және сапаны бақылау жүйесін енгізуге бағытталған.

Сонымен қатар «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы дайындалды. Құжат баланың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуын кешенді түрде қамтиды.

Қазіргі таңда елдегі 10 553 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. 2025 жылы 267 мың орынға арналған 232 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның 112-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда.

Қоғамдық қауіпсіздік және заң үстемдігі

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы бірыңғай заң күшіне енді. Ойын бизнесін реттеу күшейтіліп, вейптерге толық тыйым салынды. Есірткі қылмысына қатысты жауапкершілік қайта сараланды, ал 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар сотталған әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталған өзгерістер дайындалды. «Деструктивті діни ағымдар» ұғымын нақтылайтын түзетулер де әзірленді.

Мәдениет, спорт және туризм

Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылып, Мәскеуде осындай орталық ашу мәселесі қарастырылуда. Анимация саласында бірнеше жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, 43 шығарма YouTube-та жарияланды. 2019 жылдан бері алғаш рет бес толықметражды мультфильм жарық көрді.

Спортта коммерцияландыру бағыты күшейтіліп, бірнеше футбол клубы жекешелендірілді немесе инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. Көкшетауда 13,6 млрд теңгеге салынған жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.

Цифрландыру және жасанды интеллект

Мемлекеттік басқаруды жаңғырту аясында 15 орталық органда 36 жасанды интеллект жобасын енгізу жоспары бекітілді. Ұлттық цифрлық мұрағат құру және криптоактивтер айналымын реттеу бағытында да заңнамалық өзгерістер дайындалды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары