Қазақстан Үкіметі білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жүйелі түрде қайта қарауға кірісті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеп, жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаттарын реформалау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
«Үкімет жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастырудың қолданыстағы тетіктерін мұқият талдап шықты, соның нәтижесінде елеулі мәселелер анықталды. Ауқымды цифрландыру мемлекет сенімін теріс пайдалану деректерін жиі әшкерелеп отыр», — делінген мәлімдемеде.
Білім беру саласына ерекше назар аударылды. Соңғы сегіз жылда елдегі жекеменшік мектептердің саны шамамен жеті есеге өсіп, 785-ке жеткен. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін жүктеменің күрт артуына әкелді.
«Шығындар 2020 жылғы 13 млрд теңгеден 2025 жылы 242 млрд теңгеге дейін өсті. Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы ұлғайып, 251 мыңға жетіп отыр», — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ соңғы бес жылда инвестициялық шығындар 111 млрд теңгеге жеткені айтылды. Бұл сома 35 жаңа мектеп салумен шамалас болғанымен, негізгі мақсатқа қол жеткізілмеген.
«Жекеменшік мектептердің 80 пайызына жуығы жалға алынған ғимараттарда орналасқан, көпшілігі өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілмей ашылған, ал директорлық қызметке жиі жағдайда біліктілігі жеткіліксіз мамандар тағайындалады», — деп атап өтті министр.
Осыған байланысты үкімет мектептерді толық цифрландыруды қамтитын пилоттық қаржыландыру тетігін іске қосты, алайда ол уақытша сипатқа ие.
«Жаңа мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізу ұсынылады. Жекеменшік капиталды қолдау шарасы ретінде мемлекеттік тапсырыссыз тек инвестициялық шығындарды өтеу ғана қалдырылмақ», — деді Аида Балаева.
Сонымен қатар ірі мегаполистерді қоспағанда, студенттік жатақханаларға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Денсаулық сақтау саласында да күрделі мәселелер анықталған. Қазіргі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне 20 млн-нан астам адам тіркелген, ұйымдардың шамамен жартысы — жекеменшік.
«Жекеменшік емханалар санының өсуі мен тіркелген халық санының екі есеге жуық артуы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының жақсаруына әкелген жоқ», — делінген министр мәлімдемесінде.
Негізгі бұзушылықтар қатарында қызметтерді қосарлы қаржыландыру, жалған есеп беру, қаражатты мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ лицензиясыз және қажетті жабдықсыз медициналық қызмет көрсету аталды.
«Бұл мәселелерді тек жүйелі өзгерістер мен толық цифрландыру арқылы ғана шешуге болады», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті халықтың нақты қажеттілігіне, демографиялық деректер мен көші-қон көрсеткіштеріне сүйене отырып жоспарлауға көшеді. Сондай-ақ қаржыландыру жүйесінен белсенді емес пациенттерді шығару көзделіп отыр.
Медициналық қызметтерге толық цифрлық бақылау енгізіліп, көрсетілген қызметті пациенттің өзі мобильді сервистер арқылы растауы міндеттеледі. Бұдан бөлек, сапаны бақылау күшейтіліп, жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметіне кешенді тексеру жүргізіледі.
«Біздің басты қағидатымыз — әрбір бюджеттік теңге білім беру мен денсаулық сақтау сапасын нақты жақсартуға жұмыс істеуі тиіс», — деп түйіндеді Аида Балаева.