Malim.kz
Әлем

Украина бастаған 10 ел «антибаллистикалық коалиция» құруға келісті

Айбын Атабай
om Nicholson/AFP

Германия, Украина, Дания, Франция, Италия, Нидерланды, Норвегия, Испания, Швеция және Ұлыбритания зымыранға қарсы қорғаныс коалициясын құруға келісті.

Германия, Украина, Дания, Франция, Италия, Нидерланды, Норвегия, Испания, Швеция және Ұлыбритания зымыранға қарсы қорғаныс коалициясын құру туралы келісімге келді. «Зымыранға қарсы коалиция» құру жөніндегі шешім Парижде өткен аталған мемлекеттердің басшыларының кездесуінде қабылданды. Бұл туралы 13 шілде, дүйсенбі күні Франция президентінің әкімшілігі – Елисей сарайы мәлімдеді.

Болашақтағы зымыран қаупін тежеу және тойтару

Коалицияға қатысушы елдер Еуропаны қорғау үшін «интеграцияланған зымыранға қарсы қорғаныс архитектурасын» құру қажет деп санайды. Бұл жүйе болашақтағы зымырандық қауіптердің алдын алып, оларға тойтарыс беруге бағытталады.

Баспасөз хабарламасында жаңа қорғаныс жүйесі ұжымдық күш-жігердің, технологиялық ашықтықтың және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың арқасында әзірленетіні айтылған.

Елисей сарайының сайтында жарияланған мәлімдемеде: «Қорғаныс өнеркәсібіндегі әлеуетімізді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және жедел іс-қимыл тәжірибемізді біріктіру арқылы біз Еуропа үшін ортақ зымыранға қарсы қорғаныс қабілетін қалыптастыруды көздейміз», – делінген.

«Тек қорғаныс мақсатындағы» жүйе

Мәлімдемеде жаңа жүйенің тек қорғаныс мақсатында қолданылатыны және қолданыстағы әрі алдағы уақытта сатып алынатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін толықтыратыны атап өтілген. Сонымен қатар бастамаға қатысушылар Еуропада баллистикалық зымыран қаупінің күшейіп келе жатқанын алға тартты.

«Біз мұны қандай да бір халыққа қарсы емес, өз азаматтарымызды қорғау үшін жасап отырмыз», – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ құжат авторлары Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы барысында жинақталған Украинаның бірегей тәжірибесінің бұл бастама үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары