Украина 19 желтоқсанға қараған түні Ресейдің бірқатар өңіріне дронмен жаппай соққылар жасады, соның салдарынан инфрақұрылым нысандары қирап, зардап шеккендер бар.
Орёл қаласында жергілікті жылу электр станциясы соққыға ұшырады, қалада электр қуатымен қамтуда үзілістер басталды, жергілікті тұрғындар су және жылумен жабдықтаудағы ақауларға шағымдануда. Орёл облысының губернаторы Андрей Клычков Орёлда коммуналдық инфрақұрылым нысандары зақымданғанын, Совет ауданында жылу, электр энергиясы және ыстық су өшірілуі мүмкін екенін хабарлады. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Басқа өңірлерге жасалған соққылар
Өткен түні Воронеж, Липецк, Белгород қалаларында және Ростов облысында да жарылыстар естілді. Белгородта украиналық ұшқышсыз аппараттың шабуылы салдарынан бес айлық сәби зардап шекті, деп хабарлады губернатор Вячеслав Гладков. Липецкте атып түсірілген дронның сынықтары тұрғын үйге түсті.
Таганрогта бес жеке тұрғын үй зақымданып, үш автомобиль өртенді. Алдын ала деректер бойынша, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ Ростов, Куйбышев, Матвеево-Курган және Родионово-Несветай аудандары да соққыға ұшырады, деп хабарлады Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь. Ростовта жоғары вольтты электр желісінің үзілуіне байланысты бірқатар аудандарда электрмен жабдықтауда қиындықтар туындады.
Ұшқышсыз аппараттардан төнген қауіп аясында он әуежайда ұшақтарды қабылдау мен ұшыру уақытша тоқтатылды. Материал дайындалған сәтте шектеулер Владикавказ, Грозный, Магас, Самара және Ярославль әуежайларында әлі де күшінде болды.