Malim.kz
Әлем

Зеленский Украина үкіметінде кадрлық өзгерістер болатынын мәлім етті

Айбын Атабай
ФОТО: ru.wikipedia.org

Украина Президенті Владимир Зеленский Премьер-министр Юлия Свириденконың қызметінен кететінін мәлімдеп, оған елдің негізгі халықаралық серіктестерімен ынтымақтастықты үйлестіретін жаңа бағытты басқаруды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Зеленскийдің айтуынша, Украина билігіндегі кадрлық өзгерістер жаңартылған саяси стратегияны жүзеге асыру мақсатында қолға алынып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта құқық қорғау органдарының басшылық құрамында да бірқатар өзгеріс болатынын жеткізді.

Президент Юлия Свириденкоға Премьер-министр ретінде атқарған еңбегі мен Украина командасындағы көпжылдық қызметі үшін алғыс айтып, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын тәжірибелі мамандар басқаруы тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі басымдықтардың қатарында АҚШ-пен стратегиялық әріптестікті нығайту, Patriot әуе қорғаныс жүйелерін өндіруге лицензия алу, Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейту және көршілес елдермен байланысты дамыту бар.

Украиналық БАҚ-тың мәліметінше, Премьер-министр қызметіне «Нафтогаз Украины» ұлттық компаниясының басшысы Сергей Корецкий тағайындалуы ықтимал.

Кейінірек Юлия Свириденко өзінің қызметінен кететінін ресми түрде растады. Ол Украинаның жаңа тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде үкіметті басқаруды үлкен жауапкершілік әрі мәртебе санағанын айтты.

Сондай-ақ Свириденко Владимир Зеленскиймен алдағы жоспарларды талқылағанын және бұдан былай да Украинаға басқа бағытта қызмет етуге дайын екенін мәлімдеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары