Түнде Латвияның әуе кеңістігіне екі дрон кірді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Олардың бірі Беларусь жағынан ұшып келіп, ел аумағында 24 минут бойы әуеде болған, кейін Ресей бағытына қарай ұшып кеткен.
Екіншісі Ресейден келіп, Краслава өңіріндегі Доброчина ауылы маңында жарылған. Зардап шеккендер жоқ, инфрақұрылымға зиян келмегенін Латвия билігі хабарлады.
Латвия Қорғаныс министрлігі екінші дронның сынықтарының суреттерін жариялады. Онда металл бөлшектері мен қозғалтқышы көрінеді.
Латвия президенті Эдгар Ринкевич баспасөз мәслихатында дронның украиналық екені анықталғанын айтып, оның Ресей аумағындағы нысанды нысанаға алуы тиіс болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жағдай Латвияның әуе қорғанысын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Эстонияда сол түні дрон Нарва маңындағы Аувере электр станциясының құбырына соғылған. Энергетиктердің айтуынша, айтарлықтай зақым келмеген.
Премьер-министр Кристен Михал елдің әуе кеңістігін бірнеше дрон бұзғанын, бұл Украина тарапынан Ресейдің Усть-Луга портына жасалған соққылар кезінде болғанын айтты.
Қорғаныс министрлігі Эстонияның шығыс бөлігінде ұшуға тыйым салынған аймақ енгізіп, әуеге жойғыш ұшақтар көтерілді.
«Дрон сынықтарын алғашқы тексеру оның украиналық екенін көрсетіп отыр», — деді Эстония Қауіпсіздік полициясының бас директоры Марго Паллосон.
Ішкі істер министрі Игорь Тароның айтуынша, Ресей де қарсы шаралар ретінде GPS сигналдарын бұғаттау немесе бұрмалау әдістерін қолданатындықтан, мұндай шабуылдар басқа елдердің аумағына да әсер етуі мүмкін және бұл жағдай жалғасуы ықтимал.
Түнде Украина қарулы күштері Ленинград облысындағы Усть-Луга мен Приморск порттарына дрондармен шабуыл жасаған. Аймақ губернаторы Александр Дрозденконың мәліметінше, өңір үстінде 56 дрон атып түсірілген.
Приморскіде мұнай резервуарлары өртенген, Усть-Лугада да өрт болған. Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов дрондар Кронштадтқа да шабуыл жасағанын айтып, бірнеше тұрғын үй мен көліктердің терезелері ішінара зақымданғанын хабарлады.