Malim.kz
Әлем

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Қарулы күштердің бас қолбасшысын айыптады

Арман Қайыпхан
Фото: AFP

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров Қарулы күштердің бас қолбасшысы Александр Сырскийді елді ірітуге және кәсіби тұрғыдан дәрменсіздік танытуға айыптады. Осы уақытта президент Владимир Зеленский оның орнына Украинаның Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) өкілі Евгений Хмараны ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бейсенбі күні Украинада мыңдаған адам президент Владимир Зеленскийдің қорғаныс министрі Михаил Федоровты қызметінен босату туралы шешіміне наразылық білдіріп, көшеге шықты. Бұрынғы министрдің өзі қызметінен кетуіне Қарулы күштердің бас қолбасшысымен арадағы жанжал себеп болғанын ашық мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында сөйлеген Федоровтың айтуынша, Зеленский оған немесе бас қолбасшы Александр Сырскийге таңдау жасауға мәжбүр болған. Дегенмен ол ешқашан президентке «не мен, не Сырский» деген талап қоймағанын айтты.

«Мен тек: “Онда біз осы бас қолбасшымен бірге жеңіске жетеміз” дедім», – деді ол.

Федоров президенттің шешімін келіспесе де қабылдағанын жеткізді.

«Президент Сырскийді қызметінен босатпайтынын айтқанда, мен келістім. Бұл – Жоғарғы Бас қолбасшы ретіндегі оның шешімі. Мен онымен жұмыс істеуді үйренемін, өйткені біздің басты мақсатымыз – украин халқының мүддесі», – деді ол.

Алайда Федоровтың сөзінше, қорғаныс саласындағы реформалары жоғары әскери басшылықтың қарсылығына тап болған.

«Біздің барлық бастамаларымыз толықтай бұғатталды. Сырский мәселелерді ашық талқылауға дайын емес. Ол кеңестерге қатысып, астыртын әрекеттермен айналысады және өзіне қарсы ақпараттық науқан жүріп жатыр деп есептейді. Соңында ультиматум қойды», – деді экс-министр.

Ол сондай-ақ:

«Ресейді жеңудің жаңа жолдарын іздеудің орнына, ол елді іріту жолын таңдады», – деп мәлімдеді.

Соған қарамастан, Федоров Сырскийдің Ресейдің 2022 жылғы басқыншылығының алғашқы кезеңіндегі еңбегін жоққа шығармады.

«Шын мәнінде, Сырский 2022 жылы елімізді сақтап қалды, бірнеше сәтті операция жүргізді. Бірақ соғыс өзгерді», – деді ол.

Федоровтың айтуынша, Зеленский қызметінен кеткеннен кейін оған кеңесші қызметін ұсынған, алайда ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Себебі армияны заманауи технологиялар арқылы жаңғырту және басқаруды орталықсыздандыру жөніндегі бастамаларына институционалдық қарсылық тым күшті болған.

Министрдің қызметтен босатылуы Киевте және басқа қалаларда наразылық акцияларын туғызды. Демонстранттар Зеленскийді әскери қызметкерлер, азаматтық қоғам және түрлі саяси күштердің қолдауына ие болған Федоровты қызметінен алғаны үшін сынға алды.

Федоров пен Сырский арасындағы келіспеушілік Украинада бұрыннан белгілі мәселе саналады. Сарапшылар бұл текетіресті технологияға сүйенетін жас реформатор мен дәстүрлі әскери көзқарасты ұстанатын қолбасшы арасындағы буындар қақтығысы ретінде сипаттап келеді.

35 жастағы Михаил Федоров 2019 жылдан бері Зеленскийдің ең жақын серіктерінің бірі болды. Ол бұған дейін премьер-министрдің орынбасары әрі цифрлық трансформация министрі қызметін атқарды. Федоров «смартфондағы мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, мемлекеттік қызметтердің цифрлануына жетекшілік етті.

2022 жылы Ресейдің кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан кейін оның ведомствосы жауынгерлік дрондарды дамытуға, қорғаныс технологияларын қолдауға және цифрлық білім беру бағдарламаларын іске асыруға белсенді қатысты.

Қорғаныс министрі ретінде небәрі алты ай жұмыс істеген Федоров әскери инновацияларды жедел енгізіп, Украина пайдасына ұрыс алаңындағы күштер тепе-теңдігін өзгертуге ықпал етті деген пікір қалыптасқан.

Ақпан айында ол Starlink жүйесін Ресейдің рұқсатсыз пайдалануын шектеу мәселесін көтеріп, SpaceX компаниясының иесі Илон Маскпен соғыс кезінде қалыптасқан жеке байланыстарын пайдаланған.

Сондай-ақ ол Цифрлық трансформация министрлігі мен Қорғаныс министрлігі арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жаңа әскери технологияларды әзірлеу мен енгізуді жеделдетуге атсалысты.

Жақында Федоров Ресей аннексиялаған Қырым мен Украинаның оңтүстігіндегі оккупацияланған аумақтардағы ресейлік логистикалық бағыттар мен әскери инфрақұрылымға қарсы бағытталған «Қырымды аралға айналдыру» операциясын іске қосуға жетекшілік етті.

Сонымен қатар Владимир Зеленский Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) өкілі Евгений Хмараны қорғаныс министрінің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындап, оның кандидатурасын Жоғарғы Раданың қолдауына ұсынды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары