Malim.kz
Шоу-бизнес

"Ұлым мен келініме жұғысты болсын": Жазира Байырбекова құдағиының қуанышымен бөлісті

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Жазира Байырбекова Instagram парақшасында отбасындағы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Өнер иесі құдағиына арнайы қонаққа барып, ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жазира Байырбекова Instagram сторисінде қонаққа бара жатқан сәтінен видео жариялады. Ол келіні Асылының қолынан шыққан, ұлы Қазбектің қолдауымен дайындалған сыйлықты ала бара жатқанын айтып, жақын адамын қуантқысы келетінін жеткізді.

"Мен мұны қазір бір керемет жанға алып келе жатырмын. Керемет жанда керемет жаңалық", – деді әнші.

Кейін белгілі болғандай, Жазира Байырбекованың құдағиы жеті және одан көп бала тәрбиелеген аналарға берілетін "Алтын алқа" наградасына ие болған. Қуанышты отырыс барысында қонақтардың бірі әншіге де осындай марапаттың бұйыруын тілеп, немерелерінің қызығын көруді нәсіп етсін деген ниетін білдірді.

"Сіз де тағып алыңыз, немерелеріңізге жұғысты болсын", – деді қонақтардың бірі.

"Менің ұлым мен келініме жұғысты болсын", – деп жауап берді Жазира Байырбекова.

Өнер иесі әлеуметтік желіде құдағиына арнап құттықтау сөздерін де жазды.

"Бұл – аналық мейірімнің, төгілген тер мен таусылмас еңбектің үлкен бағасы. Бала-шағаңыздың қызығын көріп, әрдайым ортамыздың мақтанышы болып жүре беріңіз. Алла деніңізге саулық, отбасыңызға амандық берсін", – деп жазды әнші.

Айта кетейік, "Алтын алқа" – Қазақстанда жеті және одан көп бала туып, тәрбиелеген аналарға заңда белгіленген тәртіппен берілетін мемлекеттік награда.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары