Malim.kz
Қоғам

"Ұмай" ипотекасы 2026: Шарттары, алғашқы жарнасы және өтінім беру уақыты

Мадияр Қапанбек
Кілт ұстап тұрған әйел. Көрнекі фото: fizkes/Getty Images

Қазақстанда әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасын 2026 жылғы тамызда қайта іске қосу жоспарланып отыр. Жаңартылған жоба жұмыс істейтін әйелдерге жаңа немесе қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Malim.kz.

"Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, "Ұмай" және "Жасыл ипотека" бағдарламаларына жалпы 90 млрд теңге бағыттау көзделген. Оның тең жартысы, яғни 45 млрд теңге әйелдер ипотекасын қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін. Қаражатты Азия даму банкі ұсынады.

"Ұмай" ипотекасына кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға ресми түрде жұмыс істейтін және табысын растай алатын әйелдер қатыса алады. Үміткердің соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналары тұрақты аударылып тұруы қажет.

Бұған дейін жарияланған болжамды талаптарға сәйкес, қатысушының жасы 18 бен 65 жас аралығында болуы керек. Отбасының жиынтық таза табысы айына 950 мың теңгеден аспауға тиіс.

Бағдарлама тек алғашқы баспанасын сатып алатын әйелдерге арналмаған. Қатысушының атында басқа жылжымайтын мүлік болса да, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе қосымша баспана сатып алу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

"Ұмай" ипотекасының болжамды шарттары қандай?

Жаңартылған бағдарлама аясында берілетін несиенің ең жоғары сомасы 50 млн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін белгіленеді деп жоспарланған.

Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй сатып алынатын өңірге байланысты болуы ықтимал:

Қатысушы жаңа салынған, салынып жатқан немесе қайталама нарықтағы тұрғын үйді таңдай алады. Екінші нарықтағы үйдің пайдалануға берілген жылы 2016 жылдан ерте болмауы мүмкін. Салынып жатқан нысанды сатып алғанда тиісті кепілдіктің болуы талап етіледі.

Сондай-ақ ипотека рәсімдеу кезінде екі адамға дейін қосалқы қарыз алушы тартуға және бастапқы жарнаны төлеу үшін жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік берілуі мүмкін.

Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі қандай болады?

"Ұмай" ипотекасының 2026 жылға арналған түпкілікті пайыздық мөлшерлемесі әзірге ресми жарияланған жоқ. Ол Азия даму банкінен тартылатын қаржының құнына байланысты белгіленеді.

"Отбасы банк" басшысы қаржыландыру нарықтағы облигациялардың мөлшерлемесіне тәуелді екенін айтқан. Қаражат төмен мөлшерлемемен тартылған жағдайда, клиенттерге ұсынылатын ипотеканың пайызы да төмен болуы мүмкін.

Бағдарламаның алдыңғы нұсқасында мөлшерлеме бастапқы кезеңде жылдық 14,4 пайыз болған. Депозитте несие сомасының 50 пайызы жинақталғаннан кейін мөлшерлемені жылдық 3,5 пайызға дейін төмендету қарастырылған. Алайда жаңа кезеңнің шарттары бұрынғы талаптардан өзгеше болуы мүмкін.

Өтінімдер қалай іріктеледі?

Бағдарламада балдық іріктеу жүйесін қолдану жоспарланып отыр. Қатысушының "Отбасы банкіндегі" депозитінде жинағы көп болып, бағалау көрсеткіші жоғарылаған сайын оның іріктеудегі мүмкіндігі артуы ықтимал.

Сондықтан бағдарламаға қатысуды жоспарлап жүрген әйелдерге «Отбасы банкінен» депозит ашып, оны алдын ала толықтыра бастаған дұрыс. Бірақ өтінім беру күні мен депозитке қойылатын нақты талаптарды банк бағдарлама ресми іске қосылған кезде жариялайды.

"Ұмай" ипотекасы қашан басталады?

Бағдарламаны 2026 жылғы шілде-тамыз айларында іске қосу жоспарланған. Дегенмен өтінім қабылдаудың нақты күні әзірге жарияланған жоқ. Бағдарламаның басталу мерзімі қаржыландыруды тарту рәсімдеріне байланысты.

Осы себепті қатысушылар несие сомасы, бастапқы жарна, пайыздық мөлшерлеме және баспанаға қойылатын талаптар бойынша "Отбасы банктің" ресми хабарламасын күткені жөн.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары