Malim.kz
Қоғам

Сыр өңірінде жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті

Сабина Асқарқызы
Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Қызылорда облысы аумағында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты кең ауқымды жалпыхалықтық тазалық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Игі шара Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтті.

Акция өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынып, аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындарды абаттандыруға бағытталды. Шара барысында қорымдар мен кесенелердің аумағы тазартылып, ағаш отырғызу, қоршауларды жөндеу, жолдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

Тазалық акциясына облыс тұрғындарымен қатар мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жастар белсенді қатысты. Жалпы саны 20 мыңнан астам адам 200-ге жуық киелі орын мен зират аумағын тазалауға атсалысты.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының мәнін ашып, тазалық тек қоршаған ортаға ғана емес, адамның ішкі жан дүниесіне де қатысты екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, рухани тазалық – қоғамдағы ізгілік пен мейірімділіктің негізі.

Қазақ халқының дәстүрінде қорымдар мен кесенелер ерекше құрметке ие. Олар тек жерлеу орны ғана емес, ата-баба рухына тағзым ететін қасиетті мекен саналады. Сондықтан мұндай орындардың тазалығы мен күтімі әрдайым назарда болуы тиіс.

Айта кетейік, өңірде 72 нысан киелі орындар тізіміне енгізілген. Соңғы жылдары бұл нысандарда реставрациялық және инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда.

Осындай игі бастамалар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түседі. Акция аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары