Malim.kz
Қоғам

«Қажылыққа апарамын». Астанада 17 адамды алдаған алаяқ сотталды

Сабина Асқарқызы
Reuters

Астанада өзін қажылық және умра сапарын ұйымдастырушы ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу мәліметінше, ол жәбірленушілерге жалған әуе билеттері мен қонақүй қызметтерін ұсынып, жалпы сомасы 7,4 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Алаяқтың құрбаны еліміздің әр өңірінен 17 адам болған. Олардың арасында қарт ата-аналарын қасиетті сапарға жібермек болған отбасылар да бар.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.

«Сотталушы ірі көлемдегі алаяқтық жасағанын мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеді», – деп хабарлады құзырлы органдар.

Сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Прокуратура өкілдері азаматтарды сақ болуға шақырады. Мамандар қажылық немесе умра сапарын тек арнайы лицензиясы бар туристік агенттіктер арқылы рәсімдеуді ұсынады.

«Қаражатты тексерілмеген тұлғаларға аудару – алаяқтыққа тап болу қаупін арттырады», – делінген хабарламада.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары