Malim.kz
Қоғам

"Үш әйеліме үй алып бердім": Марат Омаров жеке өмірі туралы ашық айтты

• Мадияр Қапанбек
Марат Омаров. Видеодан кадр: TalkLike

Белгілі әнші әрі композитор Марат Омаров бірнеше рет шаңырақ көтергенін айтып, бұрынғы және қазіргі жұбайларымен қарым-қатынасы туралы сыр шертті. Өнер иесі әр әйеліне жеке баспана алып бергенін және әр некесінен туған балаларының бір-бірімен тату екенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Композитор бұл туралы журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Марат Омаров жеке өмірінде бірнеше рет отбасын құрғанына қарамастан, бұрынғы жұбайларымен сыйластықты сақтап қалғанын айтты. Оның сөзінше, әр отбасының жеке шаңырағы бар. Әнші мұны әкелік әрі азаматтық міндеті деп есептейтінін жеткізді.

"Әрқайсының өз шаңырағы бар. Үй алып бергенмін. Ол – менің еркектік парызым. Зүлфияның анасына да үй сыйлап кеткенмін. Перизаттың да олармен қарым-қатынасы жақсы. Енді бұл – тағдыр ғой. Балалар бәрін түсінеді. Бибімәриямның да аға-әпкелеріне көзқарасы өзгерді. Туыстық деген бәрібір өзіне тартады екен", – деді композитор.

Өнер иесі бұрынғы некелерінен туған балаларының бір-бірімен жақсы араласатынын да атап өтті. Оның айтуынша, отбасылық басқосуларда балалары бір дастархан басына жиналып, өзара сыйластық танытады. Марат Омаров мұндай қарым-қатынастың қалыптасуына балаларының түсіністігімен қатар, бұрынғы және қазіргі жұбайларының да ықпалы бар екенін айтты.

"Балаларымның бір-бірімен тату болып, бір дастархан басында отыра алуы, біріншіден, әкеге деген құрмет болса, екіншіден, жеңгелеріңнің даналығы деп ойлаймын. Жеңгелерің де жас емес, ақыл тоқтатқан кісілер. Қарым-қатынасымыз жақсы", – деді әнші.

Марат Омаров бірінші әйелімен қанша жыл тұрған?

Сұхбат барысында композитор әр некесінің қанша уақытқа созылғанын да жасырмады.

Оның айтуынша, алғаш рет 21 жасында шаңырақ көтерген. Бірінші жұбайымен 1980 жылдан 1992 жылға дейін бірге тұрған. Кейін Зүлфия есімді әйелмен отбасын құрған. Алайда олардың некесі ұзаққа созылмаған.

Марат Омаров бұған тұрғылықты жерге қатысты келіспеушіліктер әсер еткенін түсіндірді.

"Бірінші жеңгеңмен 21 жасымда үйлендім. 1980 жылдан 1992 жылға дейін бірге тұрдық. Зүлфиямен екі жылдай тұрдым. Ол Алматыға келгісі келмеді. Шымкентте бауырлары, отбасы болды. Сөйтіп, сонда қалды. Қазір де сонда тұрады. Ал 1999 жылдан бастап Перизат жеңгеңмен заңды некеде тұрып келемін", – деді композитор.

Өнер иесі бұрынғы отбасыларымен де байланысты үзбегенін, балаларының бір-біріне жақын болғанын қалайтынын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Марат Омаров ел арасында кеңінен танылған "Анашым" әніне қатысты дау туралы пікір білдірген еді.

Марат Омаров кім?

Марат Әбдіұлы Омаров – қазақстандық белгілі әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол "Анашым", "Әке арманы", "Алғашқы махаббат", "Қыз сыны", "Сыңарым" және "Әнші балапан" секілді танымал әндердің авторы. Марат Омаров 1959 жылы 16 сәуірде қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында дүниеге келген. 2026 жылы 67 жасқа толды. Өнерге жастайынан қызығушылық танытқан ол 1977-1979 жылдары Шымкент облыстық филармониясының "Ауылым – әнім" ансамблінде әнші болып еңбек етті.

1980-1985 жылдары Әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтында білім алды. Кейін 1986-1990 жылдары Қазақ телевизиясында музыкалық редактор қызметін атқарды.

Марат Омаров шығармашылық жолында көптеген ән жазып, қазақ эстрадасының дамуына үлес қосты. Оның туындыларын еліміздің белгілі әншілері орындап келеді. Әсіресе Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Анашым" әні халық арасында кеңінен танылып, композитордың шығармашылық өміріндегі ең белгілі туындылардың біріне айналды.

Өнер иесі "Жігер-87", "Ыстықкөл-89", "Бұқара-90", "Азия дауысы-95", "Алтын диск-97" және "Каир-2003" секілді республикалық және халықаралық өнер байқаулары мен фестивальдерінің лауреаты атанған.

1992 жылы "Наурыз" шығармашылық қорын, ал 1998 жылы "Балаларды дамыту" қорын құрды. Кейін Астанадағы Президент оркестрі мен филармонияда қызмет етті.

1995 жылы өнер саласындағы еңбегі үшін оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағы берілді. Сонымен қатар Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанған.

Марат Омаровтың отбасы

Марат Омаров бірнеше рет шаңырақ көтерген. Оның бірінші жұбайы – Шаттық Назарова. Екеуінің некесінен Зарина, Мадина және Азамат есімді үш бала дүниеге келген.

Кейін композитор Зүлфия есімді әйелмен отбасын құрған. Алайда олардың некесі шамамен екі жылға созылған.

Әншінің айтуынша, 1999 жылдан бері Перизат есімді жұбайымен заңды некеде тұрып келеді.

2026 жылдың қарашасында Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында Марат Омаров бұрынғы жұбайларымен жақсы қарым-қатынас сақтағанын және әрқайсысына баспана алып бергенін мәлімдеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары