Malim.kz
Оқиға

Үш баланың өрттен қаза болуы: «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде қазір не болып жатыр?

Айбын Атабай
newtimes.kz, фото авторы: Л.Салимова

11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні елордадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде (Түркістан көшесі, 14А) 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шықты. Соның салдарынан үш бала – 13 және 5 жастағы қыздар мен екі жасар ұл көз жұмды. Олардың анасы үшінші дәрежелі күйік алып, қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Бұл туралы «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі жазды. Агенттік тілшісі қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң оқиға орнына барған.

Көршілердің айтуынша, өрт шыққан пәтерде тұрған әйел турагенттікте жұмыс істеген және балаларын өзі тәрбиелеген: оларды өз көлігімен мектеп пен балабақшаға тасып, күн тәртібін қадағалап, әрдайым жанында болған. Тұрғындардың айтуынша, үлкен қызы ерекше күтімді қажет ететін бала болған, ал анасы оған көп уақыт бөлген.

Сайт тілшісінің жазуынша, кіреберіске кіргеннен-ақ лифтілерде, баспалдақ алаңдарында, дәліздерде күйіктің өткір иісі сезіледі. Едендерді су басқан, ал кіреберіс дерлік бос қалған. Тұрғындар уақытша пәтерлерін тастап, туыстарына кеткен. 15-қабаттан жоғары тұратын тұрғындарды әкімдік «Хан Шатыр» маңындағы қонақүйге орналастырған. Өрт шыққан 15-қабатта қатты өртенген: күйген қабырғалар, дәліздер қараңғы, электр қуаты  сөнген. Өрт шыққан пәтер толық жанып кеткен және ескерту лентасымен қоршалған. Көрші пәтерлердің есіктері де зақымданған, ал дәліз күйеге толы.  Оқиға орнында тергеу органдары жұмысын жалғастырып жатыр.

«Тергеу тобы пәтерде жұмысын аяқтады. Қаза тапқандардың денелері эвакуацияланды. Қазір көршілерден жауап алып, ақпарат жинап жатырмыз. Әзірге басқа түсініктеме бере алмаймын», – деді тергеуші.

Көршілер әлі де болған жағдайдан естерін жия алмай отыр. Жоғарғы қабатта тұратын тұрғындардың бірі Алексей оқиғаның қалай басталғанын айтып беріпті.

«Шамамен сағат 01:45-те “Құтқарыңдар, көмектесіңдер” деген айқайларды естідік. Жұбайым мені оятты, терезені ашып едім, төменнен түтін шығып жатқанын көрдім. Біз бірден балаларды сыртқа шығарып, көршілерді ояту үшін есіктерін қақтық. Барлығы баспалдақпен түсті. Шамамен 10 минуттан кейін өрт сөндірушілер келді, бірақ балаларды құтқару мүмкін болмады», – деді ол. Оның айтуынша, өрттен кейін әйелдің жағдайы ауыр болған.

«Көршілер оның денесі дерлік күлгін түске айналғанын айтты. Кейін оның үшінші дәрежелі күйік алғаны белгілі болды. Қазір ол ауруханада, біз оның сауығып кетуіне үміттенеміз», – деп қосты Алексей.

Сондай-ақ ол қайғылы оқиғадан кейін үйге балалардың әкесі туыстарымен бірге келгенін айтты.

«Олардың аулада жылағанын естідік… Мұны ұмыту мүмкін емес», – деді ол.

Тұрғындар келген шығынды бағалау үшін пәтерлеріне қайта оралып жатыр. Көптеген бөлмелерде түтіннің иісі әлі сақталған, терезелер мен әрлеу жұмыстары зақымданған.

«Мен бұл пәтерді жалдап тұрамын, бірақ мұндайдан кейін, бәлкім, көшіп кетіп, оны иесіне қайтарамын», – деп жауап берген көршілердің бірі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт шамамен сағат 02:00-де басталған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер 15-қабаттағы пәтер қатты өртенгенін айтып отыр.

Астанадағы өрттен кейін үш баланың қаза табуына байланысты әлеуметтік желілерде ықтимал себептер талқылана бастады. Кейбір қолданушылар ауланың көліктерге толы болғанын, соның салдарынан өрт сөндірушілердің жылдам кіре алмағанын жазуда. Ал басқа пікір білдірушілер мәселе тереңірек екенін – құрылыс талаптарында, яғни автотұрақ орындарының жеткіліксіздігінде деп есептейді.

Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, мән-жайлар анықталып жатқанын хабарлады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары