Malim.kz
Әлем

Үшеудің келісімі Таяу Шығыстағы күштер балансын өзгертеді

Айгүл Таңатар
https://zerkalo.az/

Өткен аптада Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан Мемлекет басшылары Меккеде өзара қорғаныс туралы үшжақты келісімге қол қойғаны белгілі.
Келісім бойынша, үш елдің біріне жасалған қарулы шабуыл қалған мемлекеттерге де жасалған шабуыл ретінде қарастырылады. Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұл тетікті НАТО-ның ұжымдық қорғаныс қағидасына ұқсас деп сипаттады.

Келісім Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайы күрделеніп тұрған кезде жасалды. Сауд Арабиясы үшін бұл - қауіпсіздік кепілдіктерін әртараптандыруға, Түркия үшін - аймақтағы ықпалын күшейтуге, ал Пәкістан үшін әскери және стратегиялық рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жаңа форматтың басқа мемлекеттер үшін де ашық болуы мүмкін екенін айтқан. Reuters агенттінің дерегіне сүйенсек, Мысыр ықтимал қатысушылардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Келісімнің тағы бір маңызды қыры - АҚШ-тың Таяу Шығыстағы дәстүрлі қауіпсіздік рөліне қатысты сұрақтарды күшейтуі. Сарапшылар бұл қадамды аймақ елдерінің қауіпсіздік мәселелерінде өз күштеріне көбірек сүйенуге ұмтылысының белгісі ретінде бағалап отыр.
Ал Иран келісімге әзірге алаңдаушылық білдірген жоқ. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаи бүгін Тегеранның бұл келісімнен қауіп көруге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақ елдерінің қауіпсіздік мәселелерін өзара шешуге ұмтылысы оң нәтиже беруі мүмкін.
Осылайша, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік архитектурасы қайта құрылып жатыр. Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның жаңа форматы уақыт өте келе кеңейсе, аймақтағы дәстүрлі одақтар мен күштер балансын едәуір өзгертуі қисынды.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары