Венесуэла астанасы Каракас пен елдің жағалаудағы аймақтарында болған бірқатар жарылыстардан кейін билік АҚШ-ты «ауыр әскери соққы жасады» деп айыптады. Бұл туралы сенбі күні ел үкіметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
AFP дерегінше, астанадағы бірнеше жарылыстан соң Венесуэла президенті Николас Мадуро төтенше жағдай жариялап, халықты жұмылдыру жөнінде бұйрық берген.
Мадуроның айтуынша, АҚШ шабуылының мақсаты — «Венесуэланың стратегиялық ресурстарын, әсіресе мұнайы мен пайдалы қазбаларын басып алу», сондай-ақ «елдің саяси тәуелсіздігін күшпен жоюға ұмтылу».
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуроға ашық түрде қоқан-лоққы жасап, оның «күндері санаулы» екенін мәлімдеген еді.
Reuters агенттігі CBS журналисіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға соққы беруге бұйрық берген.
АҚШ-тағы дереккөздердің мәліметінше, шабуыл нысандарының қатарында әскери объектілер де болған. Журналист бұл туралы X әлеуметтік желісінде америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап жазды.
CNN мәліметіне сәйкес, жарылыстар тек Каракаста ғана емес, астананың солтүстігіндегі жағалаудағы аудандарда да естілген. Жарылыс туралы хабарлар Варгас штатынан, сондай-ақ Миранда штатындағы Хигуэроте қаласынан түскен. Каракастағы алғашқы жарылыс жергілікті уақыт бойынша шамамен 1:50-де тіркелген. Қала үстінде түтін бағандары көтеріліп, куәгерлер түтін шықпас бұрын жарқыл болғанын да тіркеген.