Malim.kz
Әлем

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5,5 мыңнан асты

Арман Қайыпхан
Фото: ВВС

Бір ай бұрын Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны тағы да артты, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазіргі мәлімет бойынша, апат салдарынан 5546 адам көз жұмған. Бұл туралы Ұлттық ассамблеяның (парламент) төрағасы Хорхе Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, осы аптада жер сілкінісі кезінде жарақат алған тағы 148 адам қайтыс болды. Жалпы жараланғандар саны 16 700 адамнан асты.

Табиғи апат ауқымды қирауға әкелді. 18 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. 190 ғимарат толықтай қираса, тағы 856 нысан қатты зақымданып, тұруға жарамсыз болып қалған.

Құтқарушылар үйінді астынан 6462 адамды аман алып шықты. Іздестіру-құтқару жұмыстары ең көп зардап шеккен аудандарда әлі де жалғасып жатқандықтан, билік қаза тапқандар туралы мәліметті тұрақты түрде жаңартып отыр.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 47 942 зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетілген. Баспанасыз қалған тұрғындар үшін уақытша лагерьлер ұйымдастырылып, апат аймақтарына азық-түлік жеткізіліп жатыр.

Венесуэлада жер сілкінісі 2026 жылғы 24 маусымда болды. Мамандар магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер асты дүмпуін тіркеген. Екі дүмпудің арасы шамамен 40 секундты құрады. Эпицентрлері Яракуй штатында бір-бірінен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейін өңірде 1,5 мыңнан астам афтершок тіркелді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары