Malim.kz
Қоғам

Волонтерлік қозғалысты 2030 жылға дейін дамыту жоспары пысықталды

Айбын Атабай

Астанада Халықаралық волонтерлер жылын өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің IV отырысы өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. 

Астанада ТМД елдері волонтерлерінің алғашқы форумы қарсаңында БҰҰ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылын (IVY-2026) өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің IV отырысы өтті.

Жиынға Ұлттық ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің және Ұлттық волонтерлік желінің өкілдері қатысты.

Отырыста IVY-2026 аясындағы ұлттық жоспар мен халықаралық бастамалардың іске асырылу барысы қорытындыланды. Қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерін саралап, волонтерлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын қарастырды. 

Қазақстанның БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлескен жұмысы да сөз болды. Бүгінде әлемнің 60 елінде IVY-2026 ұлттық үйлестірушілері тағайындалғаны айтылды.

— Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды. Құжат волонтерлікті ұзақ мерзімді қолдау мен дамыту жүйесін қалыптастыруға, мемлекет пен волонтерлер қауымдастығы арасындағы байланысты жетілдіруге және волонтерлік қозғалыстың институционалдық негізін одан әрі нығайтуға бағытталған, — делінген хабарламада.

Жиында Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытудағы рөлі аталып өтті. Волонтерлік бастамаларды үйлестіру, ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету және азаматтарды волонтерлік қызметке кеңінен тарту мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің жұмысындағы алдағы басым бағыттар айқындалды.



 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары