Malim.kz
Қоғам

WhatsApp-тағы топтар арқылы жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді

Сабина Асқарқызы
ҚМА

Жамбыл облысында ENVIDA AI қаржы пирамидасын ұйымдастыру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджерінде «ENVIDA AI ежедневный пассивный доход» және «ENVIDA AI супер новый проект ежедневный пассивный доход» атауымен топтар құрып, азаматтарға тұрақты және жоғары табыс уәде ету арқылы оларды жүйеге тартқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметі бойынша, жобаның маркетингтік моделі көпдеңгейлі жүйе түрінде құрылған. Негізгі кіріс жаңа қатысушылардың салымдары есебінен қалыптасқаны анықталған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жоба өзін халықаралық инвестициялық экожүйе ретінде таныстырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 370-тен астам азамат тартылып, олардың географиясы еліміздің алты өңірін қамтыған: Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды күмәнді қаржылық ұйымдарға қаражат салмауға шақырып, сақ болуға үндеді. Сондай-ақ қаржы пирамидаларын анықтауға арналған «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылғанын еске салды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары