Хантавирус анықталған MV Hondius круиздік лайнері Тенерифе аралына жақындап келеді, деп хабарлайды Malim.kz. BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл жағдай Еуропа елдері арасында жедел эвакуация шараларын ұйымдастыруға себеп болды.
Нидерланд туы астындағы лайнерде хантавирус инфекциясының таралуы тіркеліп, үш жолаушының қаза тапқаны хабарланды. Қаза болғандардың қатарында Нидерланд азаматтары мен Германиядан келген жолаушы бар.
Оқиғадан кейін Германия, Франция, Бельгия, Ирландия және Нидерланд өз азаматтарын эвакуациялау үшін ұшақтар жіберетінін мәлімдеді. Испанияның ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласка Еуроодақ қосымша екі ұшақты да іске қосқанын айтты.
АҚШ пен Ұлыбритания да өз азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын бастап, арнайы жоспар дайындап жатыр.
Жолаушыларға ең қажетті жеке заттарын ғана алып шығуға рұқсат етіледі. Ал қалған багаж бен қайтыс болған жолаушының денесі Нидерландқа жеткізіліп, санитарлық өңдеуден өтеді.
Испания билігінің мәліметінше, алдымен ел азаматтары түсіріледі, ал қалған жолаушыларды эвакуациялау тәртібі медициналық қызметтердің шешіміне сай жүзеге асады. Әзірге жолаушыларға эвакуациялық рейстер дайын болмайынша жағалауға шығуға рұқсат берілмейді.