Украинаның Харьков облысында тұрғындарды міндетті эвакуациялау аймағы кеңейтіледі. Бұл туралы 2 маусым күні Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов мәлімдеді.
«Қауіпсіздік жағдайын және жаудың жүйелі түрде жүргізіп отырған атқылауларын ескере отырып, Золочев бағытындағы міндетті эвакуациялау аймағын кеңейтіп жатырмыз», – деп жазды ол Telegram-дағы парақшасында.
Синегубовтың айтуынша, бұл шешім облыстың қорғаныс кеңесінің әскери қызметкерлер, құтқарушылар, күштік құрылым өкілдері және аудандық әскери әкімшілік басшылары қатысқан отырысында қабылданған.
«Біз 7 157 адамды қауіпсіз елді мекендерге көшіруіміз керек. Олардың ішінде 1 702 бала және қозғалысы шектеулі 311 адам бар», – деді ол.
Әңгіме Богодухов ауданындағы жеті елді мекен туралы болып отыр. Олар: Золочев кенті мен Писаревка, Гурьев, Лемищино, Малижино, Мерло және Морозова Долина ауылдары.
Синегубов сондай-ақ Харьков облыстық әскери әкімшілігі еріктілер ұйымдарымен және қайырымдылық қорларымен бірлесіп, мәжбүрлі түрде қоныс аударған тұрғындарды барлық қажетті көмекпен қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, уақытша баспанадан бастап медициналық, гуманитарлық және құқықтық көмекке дейінгі барлық қолдау түрлері көрсетіледі.
«Логистикалық бағыттар бекітілген және толық пысықталған», – деп атап өтті ол.
Харьков қаласы мен облысы Ресей әскерінің шабуылдарына күн сайын дерлік ұшырап келеді. 1 маусымға қараған түні болған шабуыл салдарынан бес қабатты тұрғын үй мен бірнеше көпқабатты ғимарат зақымданып, өрт шыққан. Сонымен қатар соққылар Харьковтың тағы екі ауданына тиген, онда кем дегенде үш жеке тұрғын үй бүлінген. Бұл туралы қала әкімі Игорь Терехов хабарлады.
Ал Харьков облысындағы Богодухов қаласында 39 жастағы әйел жарақат алған. Өңірде тағы үш адам зардап шеккен. Келесі түні де облыс ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.
4 мамырға қараған түні Ресей әскері Харьков облысындағы Мерефа қаласына «Искандер-М» зымыранымен соққы жасады. Соның салдарынан 50 және 63 жастағы ер адамдар, сондай-ақ 74, 41 және 52 жастағы үш әйел қаза тапты. Кемінде 19 адам жараланған.
Олег Синегубовтың мәліметінше, сол күні жараланған төрт адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Тағы 12 адам орташа ауырлықтағы жарылыс жарақаттарын алған.