Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей Олимпиада комитетін (РОК) шеттету туралы шешімнің күшін жойып, ресейлік спортшыларға қойылған барлық шектеулерді алып тастауды ұсынды. Бұл туралы ХОК 7 шілде, сейсенбі күні мәлімдеді.
РОК-тың құқықтарына қойылған шектеулер 2023 жылдың қазан айынан бері күшінде болды. Оған Ресейдің өзі аннексиялаған Украинаның аумақтарындағы олимпиадалық кеңестерді Ресей Олимпиада комитетінің құрамына енгізуі себеп болған. ХОК мұны Олимпиада хартиясын және Украинаның аумақтық тұтастығын бұзу деп бағалаған еді.
Ұйымның мәлімдемесінде айтылғандай, ХОК-тың құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиясы жүргізген мұқият талдаудан кейін РОК-ты шеттету туралы шешім қайта қаралды. Комиссия Ресей Олимпиада комитетінің құрамында енді Украина Ұлттық олимпиада комитетінің юрисдикциясындағы аумақтарда орналасқан спорт ұйымдарының жоқ екенін анықтаған.
Сонымен қатар, ХОК қажет деп тапқан жағдайда Ресей Олимпиада комитетіне қарсы шектеулерді қайта енгізуі мүмкін екенін ескертті.
ХОК ресейлік спортшыларға қатысты санкцияларды алып тастауды ұсынды
ХОК сондай-ақ ресейлік спортшыларды халықаралық жарыстарға тек бейтарап мәртебеде ғана қатыстыру жөніндегі ұсынымның күшін жойды. Дегенмен ұйым спортшылардың қолданыстағы допингке қарсы талаптарға толық сәйкес келетінін дәлелдеу үшін мұқият тексерістен өтуі тиіс екенін атап өтті.
ХОК ұсынымдары ресейлік спортшылардың халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына автоматты түрде қатысатынын білдірмейді. Әрбір спорт түрі бойынша түпкілікті шешімді тиісті халықаралық федерациялар қабылдайды. Олардың кейбірі бұған дейін де ресейлік спортшыларды жарыстарға қатыстыру туралы бірнеше рет шешім қабылдаған.
Сонымен бірге ұйым әзірге жарыстарда Ресейдің мемлекеттік туын, әнұранын және ұлттық рәміздерін пайдалануға қатысты шешім қабылдаған жоқ. ХОК бұдан бөлек өз іс-шараларын Ресей аумағында өткізбейтінін, ресейлік шенеуніктерді шақырмайтынын және Ресейдің Украинаға қарсы соғысын айыптайтынын мәлімдеді.
Ұйым бұл шешімін 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінің басталуымен, сондай-ақ «барлық спортшылардың жарыстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігімен» түсіндірді.
ХОК Ресейдегі допинг бағдарламасына алаңдаулы
2026 жылдың мамыр айында ХОК Беларусь спортшыларына қойылған шектеулерді алып тастауды да ұсынған болатын. The Guardian газетінің жазуынша, Ресейге қатысты спорттық санкциялардың сақталуына Украинадағы соғыс емес, Ресейде допингке қарсы ережелердің бұзылуы мүмкін деген алаңдаушылық көбірек себеп болған.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, ХОК Ресейдің Допингке қарсы агенттігінің (РУСАДА) бас директоры Вероника Логинованың Сочидегі Олимпиада ойындары кезінде жұмыс істеген мемлекеттік допинг бағдарламасымен байланысы болуы мүмкін деген күдікке алаңдайды.