Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясына желдің жылдамдығы секундына 45 метрге жететін «Хунся» тайфуны соқты. Бұл туралы Қытайдың Орталық телевидениесі елдің Орталық метеорологиялық станциясына сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Табиғат апаты Хуэйчжоу қаласы маңындағы жағалауға жеткен. Бұл аймақ Шэньчжэнь мен Гонконгқа жақын орналасқан.
Жергілікті билік тайфун жақындағанға дейін өңірден 700 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірген. Оның ішінде Гуандун провинциясының өзінен 340 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сондай-ақ 29 уақытша паналау орталығы ашылып, мектептердің жұмысы уақытша тоқтатылды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда күшті желдің адамдарды құлатып, ғимараттардың шатырлары мен қаптамаларын жұлып әкеткені көрінеді.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы тәулікте Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы Гуанчжоу қаласында нөсер жаңбыр жауады. Кей жерлерде жауын-шашын мөлшері 250 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта тайфун провинцияның солтүстік аудандарына қарай жылжып барады.