Malim.kz
Қоғам

ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының "шашын қиған" жігіттің кім екені анықталды

Қайсар Қанат
Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz хабарлауынша, Айболат есімді шаштараз жігіт қазақтың ұлы тұлғаларын ұлықтаудың тың тәсілін ұсынды, деп жазады Malim.kz.

Желіде танылған барбер өз шаштаразының қабырғасына қазақ зиялыларының суреттерін іліп, жасанды интеллект арқылы оларға заманауи шаш үлгісін жасап қойған. Бұл ерекше бастама қоғамда жылы пікір тудырды.

"Қазақстандағы барлық барберлерге ұсыныс! Білмеймін, идея жүзеге аса ма, жоқ па... Бірақ әрқайсымыз өз шаштаразымыздың қабырғасына қазақтың зиялыларын ілейік. Мен жасанды интеллект көмегімен олардың түрін өзгертпей, заманауи шаш үлгісін жасап көрдім. Қажымұқан атамыз, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Жұбанов, Халел Досмұхаммедов сияқты тұлғалар бар. Осындай суреттер әр жерде ілініп тұрса, жастардың қызығушылығы артады деп ойлаймын", – дейді Айболат.

Қабырғада бейнесі ілінген тұлғалардың қатарында Қажымұқан Мұңайтпасов, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Жұбанов, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхаммедов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев және Ахмет Байтұрсынұлы бар.

Айболаттың айтуынша, бұл идеяның мақсаты – жастарға ұлттық тұлғаларды үлгі ету.

"Жастар маған келіп "Роналдудың шашындай қиып бер" дейді. Неге олар "Қажымұқан атамдікіндей" немесе "Сәкен ағамдікіндей" демеске? Өз тұлғаларымызды насихаттау – біздің парызымыз. Әр адам өз саласында ел дамуына үлес қосуы керек", – дейді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары шаштараз жігіттің бұл бастамасын ерекше бағалап, патриоттық әрі шығармашылық идея ретінде қолдады.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары