МАГАТЭ-нің арағайындығымен Ресей мен Украина Запорожье атом электр станциясы маңында атысты жергілікті деңгейде тоқтатуға келісті, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Ресей мен Украина Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) арқылы Запорожье АЭС ауданында жергілікті атысты тоқтату жөнінде уағдаласты. Мақсат — соңғы қалған резервтік электр беру желісін жөндеуді бастау. Бұл туралы МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси жұма күні, 16 қаңтарда хабарлады.
«Алдағы күндері Украина электр желілері операторының техникалық мамандары 2 қаңтардағы әскери әрекеттер салдарынан зақымдалып, ажыратылған 330 кВ желіні жөндеу жұмыстарына кіріседі деп күтілуде», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, МАГАТЭ өкілдері жөндеу жұмыстары жүргізілетін майдан шебіне жақын аумақта бақылау жасау үшін Вена қаласынан жолға шыққаны айтылды. Гроссидің еске салуынша, ЗАЭС маңындағы қазіргі жергілікті атысты тоқтату — төртіншісі. Оның айтуынша, бұл МАГАТЭ-нің маңызды рөлін айқын көрсетеді.