Malim.kz
Қоғам

"Жағдайы ауыр, тыныштық беріңіздер": Мұхтар Шахановтың келіні атасы туралы ел естімеген шындықты айтты

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде өзін ақын Мұхтар Шахановтың келіні ретінде таныстырған Жаңагүл Өмірбекова шұғыл мәлімдеме жасап, қоғамда қызу талқыланған видеоға қатысты ел естімеген жайтты ашып айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Жаңагүл Өмірбекова Facebook желісіндегі парақшасында қайын атасының қазіргі жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

"Мен Жаңагүл Мұратқызы, Мұхтар Шахановтың келіні ретінде, әлеуметтік желіде Ата жарияланған видеоға байланысты ашық мәлімдеме жасаймын! Атаның қазіргі жағдайы өте ауыр, айтқанын бір сәттен кейін ұмытып қалатын науқас күйде. Жақында ғана екінші ұлынан айрылған адамның психоэмоционалдық жағдайының қаншалықты ауыр екенін біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Қазіргі таңда Ата қоғамда болып жатқан жағдайлардан мүлдем бейхабар, осыны түсініңіздер! Тыныштық беріңіздер! Ұлтына өлшеусіз еңбегі сіңген, Ана тіліне өмірін арнаған Атамызды бір видеоға бола қарғап-сілеудің, қаралаудың ешқандай негізі жоқ. Мұхтар Шаханов өз Ұлтының алдында адал перзенті болып мәңгі тарихта қалатын тұлға!" – деді Жаңагүл Өмірбекова.

Бұған дейін журналист Арман Әубәкір Facebook парақшасында Мұхтар Шахановтың қатысуымен түсірілген видеоны жариялаған. Онда ақын өз атынан жалған ақпарат таралып жатқанын айтып, қазіргі биліктің саясатын қолдайтынын жеткізген.

"Қазіргі таңда менің атымнан жалған ақпарат тарап жатыр. Оған сенбеңіздер. Мен қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституциясын, оның саясатын толығымен қолдаймын", – деген ол видеода.

Айта кетейік, бұған дейін Мұхтар Шахановтың атынан Facebook желісінде жалған парақша ашылып, онда мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты жазбалар жарияланған. 

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары