Malim.kz
Әлем

Залужный: Әзірге Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі жоқ

Айгүл Таңатар
RT

Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі, Қарулы күштердің бұрынғы бас қолбасшысы Валерий Залужный Украинаның жақын арада НАТО-ға мүше болуына нақты мүмкіндік көрмейтінін мәлімдеді.

Ол бұл туралы Киевте өткен украиналық елшілердің жыл сайынғы кеңесінде сөйлеген сөзінде айтты. Залужныйдың пікірін кейін «Еуропейська правда» басылымы жариялады.

Залужныйдың айтуынша, Украина қарулы күштері соңғы жылдары айтарлықтай тәжірибе жинағанымен, ел әлі де Альянстың барлық әскери стандарттарына толық сай келмейді. Ол, әсіресе, зымыранға қарсы қорғаныс, ғарыштық технологиялар және бірқатар әскери үйлесімділік талаптары бойынша кемшіліктер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар экс-бас қолбасшы НАТО-ның өзі де қазіргі заманғы соғыс талаптарына толық бейімделіп үлгермегенін айтып, Альянстың доктриналары «өткен соғыстардың тәжірибесіне» көбірек негізделгенін сынға алды.

Украина Конституциясында елдің НАТО-ға мүшелікке ұмтылуы стратегиялық мақсат ретінде бекітілген. Алайда Киевтің өзі де қазіргі кезде Альянсқа мүше мемлекеттердің бұл мәселеде бірыңғай ұстанымы жоқ екенін мойындайды. Залужныйдың мәлімдемесі Украинада және халықаралық сарапшылар арасында кең талқыланып жатыр, өйткені ол елдің қауіпсіздік стратегиясына қатысты ең жоғары деңгейдегі пікірлердің бірі саналады.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары