Malim.kz
Қоғам

Жамбыл облысында екі күн бойы із-түзсіз жоғалған малшы табылды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан скрин

Жамбыл облысында жоғалған малшыны іздеу жұмыстары сәтті аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Сарысу ауданында екі күн бұрын жылқы іздеуге шығып, қайта оралмаған ер адам бүгін табылды.

Төтенше жағдайлар қызметіне 1971 жылы туған азаматтың 27 мамыр күні жылқымен мал бағуға кетіп, байланысқа шықпағаны туралы хабар түскен. Осыдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, оған ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды.

Іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары, кинологиялық есептоп және арнайы техника қолданылды. Кеше құтқарушылар жоғалған азаматтың жылқысы мен малын тапқанымен, оның нақты орналасқан жерін анықтай алмаған.

Іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жалғасып, бүгін таңертең малшы Ақтоғай ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы дала аумағынан табылды. Құтқарушылардың мәліметінше, ол қатты шаршаған, шөлдеген және аяқ киімсіз болған. Дегенмен оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, медициналық көмек қажет болмаған.

Мамандар барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталғанын атап өтті.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары