Жамбыл облысы аумағында кене шаққаннан кейін адам өлімі тіркелді. Ер адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, медициналық көмекке кеш жүгінген, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы жағдай Шу ауданы аумағында болған. Жергілікті тұрғын кене арқылы таралатын аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, көз жұмған. Мамандардың мәліметінше, науқас дәрігерлерге бірден қаралмағандықтан, ауру асқынып кеткен.
Қазіргі уақытта өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Арнайы мамандар кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды табиғат аясында және малмен байланыс кезінде сақ болуға шақырып отыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қауіпті жәндіктерді көбіне ұсақ мал тасымалдайды.
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Муликова тұрғындарға ашық түсті киім киюге кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай киімде кенені бірден байқауға болады.
«Егер денеңізден кене байқасаңыз, бірден емханаға қаралу қажет. Дәрігерлер денсаулық жағдайын бақылауда ұстайды. Алғашқы белгілер байқалған сәттен бастап емді дереу бастау керек. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы арнайы вакцина жоқ», - деді маман.