Malim.kz
Қоғам

Жамбыл облысында спорт секцияларына бармаған балаларға жұмсалған мемлекет қаржысы қайтарылады

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Тараз қаласында сот балалар іс жүзінде қатыспаған спорт секциялары үшін төленген бюджет қаражатын қайтаруды міндеттеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жамбыл облысы соттарының мәліметінше, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының талап арызы бойынша жауапкерлерге қатысты азаматтық істі қараған. 

Тараптар арасында балаларға арналған тегін спорт секцияларын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету келісімшарттары жасалған. Алайда прокурорлық тексеріс пен мемлекеттік аудит нәтижесінде көрсетілмеген қызметтер үшін бюджет қаражатын негізсіз алу деректері анықталған.

Заңбұзушылықтар спорт секцияларына қатысу деректерін жалған көрсету, соның ішінде электронды табельдерге шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізу арқылы жүзеге асқан. Сот барысында кейбір қатысу мәліметтері қызмет көрсетушілер тарапынан әдейі өшірілгені де дәлелденді.

Қалпына келтірілген деректер мен куәгерлердің айғақтары бірқатар балалардың карате, бокс, таэквондо және күрес секцияларына бармағанын растады. Соған қарамастан, бұл қызметтер үшін бюджеттен қаржы төленген.

Сот шешімімен жауапкерлердің негізсіз ақша алғаны дәлелденіп, мемлекет пайдасына жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 1 миллион теңгеден астам, ал жеке кәсіпкерден 205 мың теңге өндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік баж да өндіріп алынды. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары